Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Жаңажол ауылдық округінде тұрмысы төмен, баспанаға мұқтаж отбасыларға 2 жаңа тұрғын үйдің кілті табыс етілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталмыш игілікті істі ауылдық округте «Жаңажол» ЖШС төрағасы Орынбасар Төлепов жүзеге асырды. Соңғы үлгідегі талаптармен салынған тұрғын үйлер аумағы 200 шаршы метрді құрайды.
Аталмыш шара барысында жаңа қоныс иелеріне Қызылорда облысы бойынша «Зекет» қайырымдылық қорының Қызылорда облысындағы өкілі Оңталап Жидебаев пен «Қармақшы Ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек Әбиұлы да сый-сияпат жасады.
Мұқтаж отбасыларға тұрғын үй кілтін табыс етуде аудан басшысы Мұса Қалдарбеков өз тілектестігін білдірді.
«Қоғамда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі маңызды орын алады. Бұл ретте бизнес өкілдерінің әлеуметтің осал топтарына бір кісідей жұмылып, еліміздің өркендеуі үшін қызмет атқаруы маңызды. Бүгінгі игі бастамаларды жүзеге асырып ел ықыласына бөленген «Жаңажол» ЖШС алғысымызды білдіреміз», - деді аудан әкімі.