18 нау, 2022 сағат 16:00

Қызылордада бір ай бұрын жоғалып кеткен әже өлі табылды


Қызылорда облысы Қармақшы ауданының 72 жастағы тұрғынының мәйіті Қызылордадан табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қуанышқүл Оңалбаева 2022 жылдың 20 ақпанына қараған түні жоғалып кетті. Ол үйден белгісіз бағытқа шығып, қайтып оралмаған. Әжені іздестіру полиция, Қызылорда облысы ТЖ департаментінің қызметкерлері, еріктілер, қоғамдық белсенділер күшімен жүргізілді.

"Қуанышқүл Оңалбаеваны іздеуге 5 құтқарушы, кинолог және 1 бірлік техника тартылды. 1 наурызда іздеу тобы бірнеше ауылды аралап, моторлы қайыққа қонды. 3 наурызда іздеу жұмыстары тікұшақпен жүргізілді. Дегенмен, еш нәтиже болмады", - деді Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. 

Полиция әйелдің денесі қаладан бірнеше шақырым жерде табылғанын хабарлады. 

"Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Қармақшы ауданының 72 жастағы тұрғынының мәйіті (криминалдық өлім белгілері жоқ) табылды. Ол қатып қалған. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деді Қызылорда қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.