Қызылордада 17 ақбөкенді атқан облыс орталығының тұрғыны қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Қызылорда облыстық жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау жөніндегі мамандандырылған мекемесінің» мамандары «Охотзоопром ӨБ» РМКҚ қызметкерлерімен бірлесіп рейд жүргізген еді.
«Кезекті іс-шара барысында Жалағаш ауданына қарасты Жырық атты скважина маңында «Тайота ланд крузер-100» автокөлігі күдік тудырды. Белгісіз тұлға оқиға орнынан ізін суытуға әрекеттенді.
Көп ұзамай Жалағаш ауданына қарасты Қызылшын деп аталатын жерде оның көлігі өртенгендігі байқалды. Сол жерден барлығы 17 бас ақбөкеннің өлі денесі және 54 дана мүйізі табылды. Ол айғақ зат ретінде алынды. Жалағаш аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, сол маңды қарау барысында Шақшақ деп аталатын мал ауылынан күдік келтірілген Қызылорда қаласының тұрғыны анықталды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан.
Ведомство мәліметінше, оқиға бойынша мән-жайды қарап, шара қолдану үшін құжаттар мен айғақ заттар Жалағаш аудандық полиция бөліміне өткізілді.