Қызылорда-Шымкент ақылы тасжолы аптапқа шыдамай, бүлінді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Оқиға Түркістан облысында 8 маусымда күндіз болған. Жүргізушілер Төрткөл ауылы аумағында жолдың асфальт-бетон жабындысы көтеріліп кеткенін байқаған. Көліктер бүлінген жолды айналып, жол шетіне шығуға мәжбүр.
"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, оқиға республикалық Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігі Қызылорда-Шымкент ақылы тасжолында болған. Сол күні облыста ауа температурасы жоғары болғаны айтылды. Термометр бағаны 45 градусқа дейін көтерілген.
"Сағат 17.00 шамасында тасжолдың оң жағында ауа температурасының жоғарылауына байланысты цемент-бетон тақта көтерілді. Қазіргі уақытта тақтаны бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Уақытша қалпына келтіру жұмыстарын мердігер "ШымкентДорСтрой" жүргізді. Қиыршық-құм қоспасы құйылып, асфальт-бетон жабыны төселді. 10 адам және бес техника жұмылдырылды", - деді ұлттық компания өкілдері.
Сондай-ақ, оқиға аймағында ескерту белгілері орнатылған. Жолға Түркістан облысының патрульдік көліктері қойылған.
825 рет оқылды