Қызылорда қаласының №2 сотында облыстың бұрынғы басшысы Қуанышбек Ысқақовқа қатысты үкім шығарылды. Онымен бірге тағы төрт адам жауапқа тартылды.
"Сотталушы Қуанышбек Ысқақовқа жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін", - деді судья.
Экс-әкім жазаны қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді.
Ысқақов Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлімінің 2-тармағы – қызмет бабын пайдаланып, аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Онымен бірге екі орынбасары мен кәсіпкерлер де сотталды. Бұрынғы орынбасарлары Мұрат Имандосов пен Марат Делмұзанов алты жылға бас бостандығынан айырылса, кәсіпкерлер Жеңісбек Ысқақов пен Азат Досмайылов бес жылын түрмеде өткізеді.
Тергеу материалдарына сәйкес, Қызылорда облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары "Сыр мейірімі" қоғамдық-әлеуметтік қорына тиесілі 80 миллион теңге (190 мың доллар) көлеміндегі қаражатты жымқырған. Ол ақша Арыс қаласын қалпына келтіруге арналған болатын.
Ысқақов қызмет бабын пайдаланып алаяқтық жасаған. Ал оның екі орынбасары мен екі кәсіпкер бұл қылмысты жасауға көмектескен.
Сотта Ысқақов соңғы сөзін айтқанда кінәсін мойындаған жоқ. Арыс қаласына арналған қаражатқа да, "Сыр мейірімі" қорына да еш қатысым жоқ деді.
"Куәлардың жалған айғақтары мен жәбірленуші Әбдірахимованың жалған құжаты негізінде айып тағылып отыр", - деп атап өтті ол.
Прокуратура экс-әкімді сегіз жылға, екі орынбасарының әрқайсын жеті жылға, ал кәсіпкерлерді алты жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.