Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қол сағаты қандай брендтен екені айтылды. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі өкілдері айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Сағат бренді - Rolex Datejust. Еске салайық, Нұрлыбек Нәлібаев мемлекеттік қызметке тағайындалғанға дейін кәсіпкер болған. Бұл сағат бұрын сатып алынған. Қазір облыс әкімі мұндай қымбат сағаттар тақпайды. Қазір облыс әкімінің күнделікті тағатын екі жұп сағаты бар", - деді өңір басшысының баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісі сауалына берген жауабында.
Сондай-ақ, баспасөз қызметі желіде талқыға түскен сурет 2016 жылы түсірілгенін атап өтті.
"Сайттағы суретке фотошоп-бағдарламалары арқылы ешқандай өзгерту және өңдеу жасалмаған", - делінген хабарламада.
Бұл ретте "Азаматтарға арналған үкімет" мәліметінше, электрон үкімет сайтындағы әкім Нәлібаевтың суретті Қызылорда облысы әкімдігінің өтінішімен өзгертілген.
"Ашық үкімет" сайтындағы кез келген өзгертулер мемлекеттік мекеменің өзінен ресми сұраныстарға сәйкес жүргізіледі. Бұл жағдайда сурет пен өмірбаянды жүктеу туралы ресми хат түсті", - делінген мемкорпорация таратқан хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Желіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Мәжіліс ғимаратынан асығыс шығып кеткені түсірілген видео тараған еді. Журналистер оған бірнеше сұрақ қоймақ болғанымен, әкім тоқтамаған. Кейінірек әкім журналистерге сағатының бағасы жайлы түсініктеме берген болатын.