26 шіл, 2022 сағат 19:11

Қызылорда облысындағы жантүршігерлік жол апаты: 5 адам қаза болды

Фото: Әлихан Сариев

Қызылорда облысында жол-көлік оқиғасынан бес адам қаза болды. Олардың арасында екі бала бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жол апаты бүгін, 26 шілдеде түнгі сағат үш шамасында Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылы тұсындағы «Самара-Шымкент» автожолының бойында болған.

«Оқиға орнында 27 жастағы азаматтың басқаруындағы «Toyota Camry» және 42 жастағы азаматтың басқаруындағы «Daewoo-Nexia» жеңіл автокөліктері соқтығысқан. Салдарынан екі жүргізуші, «Daewoo-Nexia» көлігіндегі Түркістан облысы Ордабасы ауданында тұратын 42 жастағы жолаушы, 6, 10 жастағы екі бала көз жұмды», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен.

Ведомство мәліметінше, оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаменті, «Жосалы» күрежол медициналық бекеті, жедел жәрдем бригадасы, аудандық полиция бөлімінен келген мамандар тиісті жұмыстар атқарған.

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігімен​ (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі​ немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - деді Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.