28 нау, 2023 сағат 10:55

Қызылорда облысындағы ауылда жаппай төбелес болды


Қызылорда облысындағы ауылдардың бірінде жаппай төбелес болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Оқиға кадрлары әлеуметтік желіде жарияланды. Видео сипаттамасында төбелес Қазалы ауданында болғаны айтылған. 

Құқық қорғау органдары мәліметінше, 26 наурызда түнгі сағат 2 шамасында Қазалы аудандық полиция бөліміне хабарлама келіп түскен. Онда түнде Әйтеке би кентіндегі Пірімов көшесінде шу шығарған бір топ адам туралы айтылған.

"Оқиға орнына жедел түрде полиция жасақтары жетті, қабылданған жедел шаралар нәтижесінде сегіз адам полиция бөліміне жеткізілді, қалғандарын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Зардап шеккендер жоқ. Полицияға шағымдар мен арыздар түскен жоқ", - деді полициядағылар.

Дерек Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша Соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"Ауданда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлар күшейтіліп, профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қылмыстық ахуал тұрақты", - деп қосты полиция өкілдері.