07 там, 2023 сағат 17:32

Қызылорда облысында жоғалып кеткен қыздың денесі табылды

Фото: Polisia.kz

Қызылорда облысында жоғалып кеткен қыздың денесі табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.

7 тамызда Қармақшы аудандық полиция бөліміне Тұрмағанбет ауылының тұрғынынан 7 жастағы қызының жоғалғандығы туралы хабарлама түскен. Әкесінің айтуы бойынша, оның қызы 6 тамыз кешкі уақытта үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. 

Қыздың ата-анасы және туыстары қызды өз күштерімен табуға тырысқан. Алайда іздеу жұмыстары нәтиже бермеген соң, полицияға жүгінген.

"Хабарлама түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері дереу іздеу жұмыстарына кірісті. Жоғалған қызды іздеуге Қармақшы аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы, ТЖД, аудан әкімдігінің қызметкерлері, еріктілер, жалпы 60-тан астам адам жұмылдырылды. Сондай-ақ қызды табу мақсатында екі дрон пайдаланылды.

Бүгін сағат 13:00 шамасында қыздың мәйіті "Үбіс" каналынан табылды. Оның денесінен зорлық-зомбылық белгілері байқалмайды" - делінген хабарламада.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қыз каналдағы суға батып кеткен.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр, тиісті сараптамалар тағайындалды.