01 қыр, 2018 сағат 12:37

Қызылорда облысында жаңа мектептер ашылды

Білім күніне орай Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 2 жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылында 300 орындық №256 мектептің ашылу салтанаты өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов шараға қатысып, аймақта әлеуметтік саланың дамуына баса назар аударылатынын атап өтті.

«Биылғы жыл Түгіскен ауылының тұрғындары үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Мамыр айында ауылда 140 балаға арналған балабақша және спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілген еді, бүгін жаңа мектепті ашайын деп отырмыз. Жалпы, аймақта әлеуметтік салаға басымдық беріліп отыр, бірнеше жылдан бері облыстық бюджеттің ауқымды бөлігі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға жұмсалуда », - деді облыс әкімінің орынбасары.

Осындай 300 орындық мектеп Жаңақорған кентінде де іске қосылды. Атап өтейік, Жаңақорған ауданында биыл 4 білім ошағы пайдалануға берілетін болады. Бұған дейін Жаңақорған ауданының Қожамберді ауылында 200 орындық №162 мектеп ашылған болатын. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Аққұм ауылындағы 100 орындық білім ұясының да құрылысы аяқталады.

Айта кетейік, 30 тамыз күні Қазалы ауданының орталығында, Әйтеке би кентінде 300 орындық мектеп пайдалануға берілді.

Қызылорда облысында соңғы 5 жылдың ішінде 45 білім ошағы, оның ішінде 37-сі апаттық мектептің орнына салынған. Жыл соңына дейін Арал қаласында 300 орындық және Қызылорда қаласында 600 орындық мектеп ашылады.