03 қыр, 2018 сағат 12:41

Қызылорда облысында цифрлық технологиялар басқармасы құрылды

Сандық технологияларды нарықтық стандарттарға сәйкес дамыту мақсатында Қызылорда облысында арнайы мемлекеттік орган – цифрлық технологиялар басқармасы құрылды, сонымен қатар облыс әкімінің цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесшісі тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аппарат мәжілісінде хабарлады.

Кездесуді ашқан облыс әкімі соңғы жылдары ақпараттық-коммуникациялық технологиялар өңір экономикасының барлық салаларында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Соңғы жылдары ақпараттық және коммуникациялық технологиялар экономиканың барлық салаларында қарқынды дамуда. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын, цифрландыру және жобалық басқаруды арттыру мәселелері мемлекеттік басқару саласындағы басым бағыттардың біріне айналды. Сондықтан, оның қалыптасуы мен одан әрі дамуы заманауи нарықтық стандартқа сәйкес болуы үшін өз алдына дербес мемлекеттік орган болып табылатын Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасын құрдық. Сонымен қатар, облысымызда цифрландыру жұмыстарының тиімді жүруін үйлестіру мақсатында облыс әкімінің цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесшісі лауазымын енгізу жөнінде шешім қабылданды»,- деді аймақ басшысы.

Цифрландыру жөніндегі облыс әкімінің кеңесшісі қызметіне Ақмарал Әлменова тағайындалды.

Әлменова Ақмарал Байжанқызы 1989 жылы туылған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Ақпараттық жүйелер», Новосибирск мемлекетік ұлттық зерттеу университетінің магистратурасын «Информатика және есептеу техникасы», сондай-ақ Қазан федералдық университетінің аспирантурасын «Есептеу машиналары, кешендері мен компьютерлік жүйелерді математикалық және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты. 2014 жылдан бастап осы кезге дейін Татарстан Республикасы Ғылым академиясының кіші ғылыми қызметкері лауазымында қызмет атқарып келді.