Фото: ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ел азаматтарына заңсыз инвестициялық жоба ретінде ұсынылған «HRT» қаржы пирамидасының қызметін анықтап, тоқтатты, деп хабарлайды Ult.kz.
Ұйымдастырушылар жобаға қатысушыларды электросамокаттарды сатып алып, оларды Еуропа елдерінде жалға беру арқылы пайда табуға сендірген. Қатысушылардан арнайы «HRT» шотына криптовалюта аударуы және кем дегенде екі жаңа салымшы тартуы талап етілген.
Қаржы пирамидасының салдары:
-
200-ден астам азамат 50 АҚШ долларынан 35 мың АҚШ долларына дейінгі қаржысын салып, ай сайын 1 200 АҚШ долларына дейін табыс табамыз деп үміттенген.
-
Заңсыз алынған қаражаттың жалпы сомасы 28 миллион теңгеден асқан.
-
Күдіктілер бұл қаражатқа екі автокөлік – «BMW 530I Xdrive» және «Changan Alsvin» сатып алған. Көліктерге соттың санкциясымен тыйым салынды.
Тергеу жұмыстары:
Қазіргі уақытта «HRT» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында құру фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Күдіктілерге қатысты үйқамақ бұлтартпау шарасы қолданылды.
