Фото: © Sputnik
Қызылорда облысында бір топ әйел ұсталды. Жалған аккаунт арқылы ер адамдармен танысқан қыздар олардан ақша бопсалаған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полицияға ер-азамат арызданып, сәуірден бастап белгісіз әйелдер жеке сипаттағы суреттері мен хаттар үшін 500 мың теңге талап еткендігін айтқан.
ПД ҰҚҚКБ қызметкерлерімен кешенді жедел–іздестіру шаралары жүргізіліп, нәтижесінде облыстың үш тұрғыны ұсталған.
"Бұл әйелдер Facebook-те жалған аккаунт құра отырып, әлеуметтік желілерде абыройға кір келтіретін мәліметтерді таратпау үшін ақы сұраған. Бопсалаушылардан барлығы 8 тұлға жапа шеккен.
Заттай дәлелдеме ретінде бірнеше телефон, қолма-қол ақша және банк карталары тәркіленді.
ҚР ҚК 194-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп–тексеру басталды. Екі күдікті әйел УҰИ-ға қамалды, үшіншісіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, күдіктілердің осыған ұқсас деректерге қатыстылығы тексеріліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.