Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін аймақтағы балабақшалардың саны 2013 жылдан бастап 2 есеге артты. Өңірдегі білім беру саласындағы жұмыстар барлық деңгейде жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Астана қаласында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"2013 жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істейтін балабақшалар саны 2 есеге артып, 71%-ды құрады. Осылайша, біз қаржыны қайта қарастырып, артылған қаражатты басқа да әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге жұмсаймыз. МЖӘ аясында бүгінде түрлі салалар бойынша 34 млрд. теңгеден астам қаржыға 75 жоба жүзеге асырылуда", - деді аймақ басшысы.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту жүйесі мен әдістемесін бірыңғай стандарт ретінде енгізуді басымдықтардың бірі деп белгіледі. Айта кетейік, Қызылорда облысында 2015 жылы облыс әкімдігі мен "Назарбаев зияткерлік мектебі" арасында орта білім беру саласында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Меморандум аясында 46 инновациялық мектепке екі негізгі міндет жүктелді: лицейлер мен гимназиялар желісін кеңейту арқылы НЗМ-нің озық тәжірибесін тарату және лицей сыныптарында, оның ішінде жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық бағыттағы жекелеген пәндерді ағылшын тілінде тереңдетіп оқыту.
Ағымдағы оқу жылында облыстың 46 инновациялық мектебі биология, химия, информатика, физика пәндері бойынша ағылшын тілінде пилоттық оқуға кірісті. Бұдан басқа, НЗМ тәжірибесін тарату шеңберінде 104 мектепте элективті курстар есебінен осы пәндерді ағылшын тілінде оқыту элементтері енгізілді.
Осыған орай, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде ағылшын тілін меңгерген физика, информатика, математика мұғалімдеріне дайындық жүргізілуде. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқу бағдарламаларына жаңа технологияларды, ғылыми инновацияларды, математикалық модельдеуді, бағдарламалау мен робототехниканы дамытуға бағытталған STEM-элементтері енгізілген. STEM-білім берудегі НЗМ-нің оңтайлы тәжірибесін ескере отырып, облыс мектептері робототехника, жаңартылған физика, химия, биология және 3Д-модельдеу кабинеттерімен жабдықталуда.
2013 жылдан бастап жыл сайын аз қамтылған отбасылардан шыққан, әсіресе ауылдық жерлердің дарынды түлектеріне арналған аймақ басшысының 100 білім беру гранты бөлінуде, биыл олардың саны 2 есеге артты, осылайша облыс әкімінің грант иегерлерінің жалпы саны 900-ге жетіп отыр.
"Айта кету керек, өткен және ағымдағы жылғы аймақтағы мектеп түлектерінің 97%-ы жоғары оқу орындары мен колледждерге түсті. Бұл бізге маргинал жастарға арналған әлеуметтік базаны айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Өздеріңізге мәлім, дәл солардың арасынан қылмыстық топтар мен діни экстремистердің мүшелері құралады", - деп атап өтті аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысы - 2014 жылдан бастап РФ Үкіметінің гранты бойынша Ресейдің беделді техникалық жоғары оқу орындарында жүздеген түлектерін оқытуды ұйымдастыра алған еліміздегі жалғыз облыс. Мәскеу болат және қорытпалар институты мен Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық өсімдік полимерлері университетінде Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты есебінен білім алу мүмкіндігіне ие болған 452 студенттің алғашқы 32-сі оқуын тәмамдап, осы жылы елге оралды. Ал, 42 түлек магистратурада оқуын жалғастыруда. Ағымдағы жылы 58 сыр бойылық түлек оқуға түскен. Осылайша, өңір мектептерінің 510 түлегі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында РФ Үкіметінің гранттарына ие болды.