08 ақп, 2018 сағат 10:52

Қызылорда облысында арнасынан асқан өзен суы ауылдарды басуы мүмкін (Видео)

Қызылорда облысының Сырдария ауданында төтенше жағдай жарияланды. Бұл өңірде өзен арнасынан асып, екі жарым мың гектар аймақты су басып қалған. Құтқарушылар жарылған бөгетті бітеп үлгермей жатыр. Егер жолын бөгемесе, іргесіндегі Қалжанахун ауылы да су астында қалуы мүмкін.

Егіс егуге ерте болса да, Сыр бойындағы күрішшілер амалсыздан алқапқа түнеп жүр. Далада ас ішіп, бірнеше күннен бері үй көрмеген. Өйткені, дарияның Аласиыр арнасындағы бөгет жарылған. Енді шаруалар шаш етектен шығынға баттық деп отыр. Су басқан егіс алқабын құрғату былай тұрсын, көктемде ылғалды жерге тұқым себудің өзі қиын.

Бақытжан Күшікбаев, шаруа қожалығының бригадирі:    

- Қаптап шанамен тасып жатыр. Қолдан келген жұмысты істеп жатыр. Су алып кетті. Оған қоса қаншама техника керек. Ол пәленбай миллион ақша.

Сырдариядан тасыған су егіс алқабы мен жайлымды басып қалды. Егер жарылған бөгет шұғыл бітелмесе, іргеде жатқан Қалжанахуын ауылын шайып кетуі мүмкін екен.

Бақытжан Лекеров, Сырдария ауданы әкімінің орынбасары:

Бұзылған қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіргенімен дариядағы судың көлемі күрт көтеріліп, қайтадан 9 жерден дамбаны бұзып кетті. Көктемге дейін бөгетті қалпына келтірмесе шаруашылықтың түгелдей егіс көлемін су алып кетіп, Қалжан ахун ауылына қауіп төнуі мүмкін.

Мамандар өзен бойына қатқан мұздың кесірнен су арнасынан тасығанын айтады. Егер аяздың беті қайтпаса, дариядағы мұзды жаруға тура келеді.

Серік Сермағанбетов, Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы:

- Егер мұз кептелісі пайда болып, арнасынан су шығып кетіп жатқан жағдайда біз мұз жару жұмыстарын жүргізетін боламыз.

Дәл осындай төтенше жағдайдың боларын синоптиктер алдын ала ескерттік деп отыр. Бірақ оған қызылордалық құтқарушылар құлақ аспаған сияқты.

Дидар Жәнібекұлы: «Қазгидромет» орталығы гидрология департаментінің директоры:

- Бұрын ақпанда су тасқыны тіркелмейтін. Бірақ өзендер мұз болып қатуына байланысты арнасынан асып жатыр. Мұндай жағдай Қызылорда облысында тіркелді. «Қазгидромет» Қызылорда облысы мен ондағы төтенше жағдайлар департаментін алдын ала ескерткен болатын.

Қатқан мұздың кесірінен жаңа жыл қарсаңында ғана өзен арнасынан тасыған еді. Ол кезде Қызылорданың іргесінде орналасқан саяжайдағы үйлерді су басты.

КТК