Сурет: pexels
Қызылорда облысында кадастрлық құны 218 миллион теңге болатын жер учаскелері мемлекетке қайтарылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылорда облысының прокуратура органдары жер қатынастары саласында жасалған талдаулар нәтижесінде 14 ұсыну, 1 наразылық енгізген.
"Тәртіптік жауаптылыққа 37 тұлға тартылып, 270 үлескердің құқығы қорғалып, 49 акт заңға сәйкестендірілді.
Жерді сатып алу шарттары бойынша жер иеленушілер төлемеген 25 млн. теңге бюджетке өндірілді. Сонымен қатар кадастрлық құны 218 млн теңгені құрайтын жер учаскелері мемлекетке қайтарылды.
Атап айтқанда, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен (бұдан әрі - ӘКК) бірлескен жоба ретінде құрылып, жүзеге асырылмаған инвестициялық жоба бойынша құны 115 млн теңге құрайтын жер учаскесі мемлекетке қайтарылды" - делінген хабарламада.
Сол сияқты Сырдария ауданы прокуратурасы заңсыз табысталған кәсіпкерлік мақсаттағы кадастрлық құны 21,8 млн теңге 6 га жер учаскесін мемлекетке қайтарған.
"Одан бөлек, прокуратура органдары пайдаланылмайтын жерлерді анықтау және шаралар қабылдау жөнінде уәкілетті органдардың жұмысын бақылауда.
Жер кодексіне сәйкес пайдаланылмайтын жерлерді анықтау қала, аудан әкімдіктерінің жер саласындағы уәкілетті органының құзыретіне жатады.
Бұл бағытта жұмыстар қарқынды жүргізілмеуіне байланысты прокуратураның бастамасымен 602,3 гектар 360 игерілмеген кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелері анықталды. Нәтижесінде Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне ұсыну енгізіліп, бүгінгі күнге 150 жер учаскесіне қатысты нұсқама беріліп, мәжбүрлеп мемлекетке қайтару бағытында шаралар қабылданып жатыр" - делінген хабарламада.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылымдық жерлердің игерілу жағдайына аса назар аударылған. Бұл бағытта облыстың прокуратура органдары жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, пайдаланылмайтын жайылымдық жерлерді анықтау мақсатында жұмысшы топтарын құрған. Облыс бойынша елді мекеннің тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
"Ағымдағы жылдың өткен мерзімінде облыстың прокуратура органдары 138 мың га 133 жайылымдық жер учаскесінің игерілмегенін анықтап, қадағалау актілерін енгізді. Кадастрлық құны 80 млн теңге құрайтын 41 мың га 54 жер учаскесі қайтарылды.
Оның ішінде:
Сырдария ауданында – 55 млн теңге 29 мың га 27 жер;
Жалағаш ауданында – 1,1 млн теңге 0,8 мың га 4 жер;
Қармақшы ауданында – 2,2 млн теңге 2 мың га 6 жер;
Қазалы ауданында – 1,2 млн теңге 6 га 6 жер;
Арал ауданында – 3,6 млн теңге 3,8 мың га 4 жер;
Жаңақорған ауданында – 17 млн теңге 7 мың га 7 жер.
Мысалы, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Айдарлы ауылдық округінде 2001 жылдың 13 сәуірінде табысталған ауыл шаруашылығы мақсатындағы кадастрлық құны 1,4 млн теңге 161 га жер учаскесінің 22 жыл бойы пайдаланылмағаны анықталып, мемлекетке қайтарылды" - делінген хабарламада.
Сол сияқты жергілікті атқарушы органдармен жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі дұрыс айқындалмағаны анықталған.
Прокуратураның бастамасымен әкімдіктер жайылымдық жерлерге түгендеу жүргізіп, нәтижесінде жайылым жетіспеушілігі 1,4 млн га-дан 530 мың га, яғни 63% азайған.
Бұл бағытта жұмыстар жалғасып жатыр.