18 шіл, 2018 сағат 17:09

Қызылорда облысы әкімінің білім гранттары «ІТ» саласына көбірек бөлінбек

Биыл Қызылорда облысы әкімі білім гранттарының саны 2 есеге дейін көбейіп, олардың 70%-ы ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға бөлінетін болады. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихат сессиясының отырысында хабарлады.

Еске салайық, аймақта 2013 жылдан бері жыл сайын ауылдық жерлердегі көпбалалы және тұрмысы төмен отбасынан шыққан дарынды түлектер үшін облыс әкімінің 100 гранты бөлінетін. Бүгінде мұндай грантты иеленушілердің саны 700 -ге жетті. 

Биылдан бастап облыс әкімінің гранты 2 есеге өсіп, 205-ке жетіп отыр.

«Ағымдағы жылы облыс әкімі грантының саны 2 есеге дейін көбейіп, олардың 70%-ы ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға бөлінетін болады», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Естеріңізге салсақ, 2014 жылдан бастап Ресей Федерациясы Үкіметінің есебінен аймақтың мектеп бітіруші түлектері Мәскеу мен Санкт-Петербургтің үздік техникалық жоғары оқу орындарына оқуға жіберілуде. Алғашқы 75 түлектің 62-сі дипломдарын алып, елге оралса, 13 түлек магистратурада оқуларын жалғастырады. Оларды жұмыспен қамту мәселесі қарастырылуда.

«Облыстың бірқатар кәсіпорындары түлектерді жұмысқа қабылдауға дайын. Мысалы, «ҚазАтомПром» ұлттық компаниясы 11 жас маманды, «Гежуба Шиелі Цемент» серіктестігі 8 адамды жұмысқа қабылдауды жоспарлап отырса, «СКЗ-U» күкірт қышқыл зауыты, Қызылорданың кішітонажды мұнай өңдеу зауыты, «Кристалл менеджмент» және басқа да ірі кәсіпорындар түлектерді жұмысқа алуға ниетті. Бірқатар түлектер мемлекеттік қызметтің кадрлық резервіне алынатын болады», - деді облыс әкімі.

Үстіміздегі жылдан бастап М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша облыс жастарына магистратурада оқу үшін 20 грант бөледі.

Сонымен бірге, жыл сайын Қазанның «Иннополис» университетімен қызылордалық балаларды оқыту туралы келісім жасалды. Мәскеудегі «Сколково» инновациялық орталығымен ынтымақтастық орнатылуда.

Бұған қосымша үстіміздегі жылдың шілде айының басында облыс әкімдігі Астанада ЕвраАзЭС-тің парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университетпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның құрамына 3 институт, 4 факультет, 17 кафедра кіреді. Жоғары оқу орнының негізгі мамандықтары - «Юриспруденция», «Сервис», «Туризм», «Экономика», «Менеджмент», «Кеден ісі», «Жарнама және жұртшылықпен байланыс», «Конфликтология», «Дизайн», «Декоративті қолөнер және халықтық кәсіпшілік», «Сауда ісі», «Психология».

«Университет жыл сайын оқуға түсу емтихандарын сәтті тапсырған Қызылорда облысының түлектеріне 10 білім грантын бөлетін болады. Қазір – сұранысқа ие кадрларды дайындау заманы. Біздің өрендеріміз білім алатын университеттің жаңа бағыттарының бірі - бизнес-информатика. Осы мамандық аясында цифрлы экономиканың дамуы кезінде маңызды болып отырған блокчейн және криптовалютаны меңгеретін болады», - деді аймақ басшысы.

Атап өтейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша аймақтың орташа балл көрсеткіші 85,82-ні көрсетті, бұл былтырғы (84,2) көрсеткішпен салыстырғанда 3,5 балға жоғары. Бірнеше жылдан бері Қызылорда облысы ҰБТ көрсеткіштері бойынша алдыңғы бес облыстың қатарына кіреді.