12 шіл, 2022 сағат 12:53

Қызылорда облысының әкімі Қазақстан барысы-2022 жеңімпазына сый жасады

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев "Қазақстан барысы-2022" турнирінің жеңімпазы Мақсат Исағабылов пен "Алтайдай жер қайда?" атты халықаралық ақындар айтысының жүлдегері, үш дүркін "Алтын домбыра" иегері, айтыс өнерінің ақберені Мұхтар Ниязовты қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Аймақ басшысы Сыр саңлақтарын және Мақсаттың бапкері, қазақ күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Болатбек Кенеевті жеңісімен құттықтап, қос аймақ жұртының риясыз алғысын жеткізді.

"Әрбір жүрек түбінде жаңғырар алау сезім, ұлы күш болады. Ұлт даналығы "Ер - намысының құлы" деп бекер айтпаған. Осы ұлттық намыс бізді жеңіске жетелейді, қаһармандыққа бастайды. Бүгінгі бауырларымызды да осы қасиет оздырды. Әрине, ұшқыр да ұтқыр ұлдарымызды қалай ұлықтасақ та жарасымды. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдың мамыр айында мәдениет пен спорт саласы бірігіп, ірі құрылымға айналды. Ол - бірліктің белгісі, оның ерекшелігі - егіз. Сөзімнің дәлелі, Мақсат пен Мұхтардың үйлесімді жеңісі", - деді облыс әкімі.

Басқосу барысында аймақ басшысы Мақсат Исағабыловқа 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстап, Мұхтар Ниязовқа ақ боз ат мінгізді.

Өз кезегінде қос саңлақ алғаусыз алғысын арнаған Сыр жұртына зор ризашылығын білдіріп, байрақты бәсекелер мен сөз аламанында аймақтың жүлде тайқазанына олжа салатынын жеткізді.