Алматы облысында осыдан 10 жыл бұрын бөгеті жарылып, істен шыққан Қызылағаш су қоймасы қалпына келтірілді. Биыл бұл су қоймасынан Ақсу ауданының суармалы алқаптарына тіршілік нәрі жіберіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру жұмыстары 2016-2019 жылдары аралығында жүргізілді. Жоба құны 5,6 млрд теңге. Бас мердігер «ҚазСуШар» РМК Алматы филиалы. Қазіргі таңда барлық механикалық жұмыстар аяқталды. Алдағы уақытта автоматтандыру бойынша жабдықтар орнатылмақ.
«Биіктігі 55 метр бөгет салынып, барлық талаптарға сай бекітілді. Суқойма жанынан жұмысшыларға екі пәтерлі екі үй және төмендегі су тарату торабынан екі пәтерлі екі үй салынды. Қызылағаштың жалпы сыйымдылығы 42 млн текше метр. Биыл 20 млн текше метр су жинап, Ақсу ауданының 4 мың гектар алқабын сумен қамтамасыз ету жоспарланған», - дейді «ҚазСуШар» РМК Алматы филиалы басшысы Смайыл Куметов.
Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылы наурыздың 11-нен 12-іне қараған түні толассыз жауған қар мен жаңбыр салдарынан Қызылағаш су қоймасы жарылып, Қызылағаш ауылын шайып кеткен еді. Қайғылы оқиға салдарынан 45 адам қаза тауып, 460-тан астам үй жермен-жексен болды. Қазақстан халқының ұйымшылдығы мен өңір басшылығының жедел әрекетінің арқасында жаңадан үйлер салынып, тұрғындар 1,5-2 айдың ішінде қайта ауылға оралды.