Жангелдин аудандық соты Қостанай ауданының 31 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қостанай ауданының тұрғыны К. ҚР ҚК 339 бабы бойынша айыпталуда. Ол сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар екі безгелдек (латынша атауы - «Otistetrax») құсын атқан. Бұл құс Қазақстан Республикасының "Қызыл кітабына" енгізілген.
Сот шешімімен азамат К. айыпты деп танылды. Оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау орнатылды. Бұған қоса, сотталған К.-ден келтірілген зиянның орнын толтыру үшін мемлекет пайдасына 453 800 теңге қаражат өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.