28 там, 2018 сағат 17:07

Қызметтік көліктен таксиге ауысатын Әсет Исекешевтің жүргізушісі кім болады?

Астана әкімдігінің шенеуніктері осы жылдың қыркүйек айынан бастап бірыңғай таксиге мінетінін осыған дейін хабарлаған болатынбыз. Ал көппен бірге таксиге отыратын қала әкімінің Әсет Исекешевтің жүргізушісі кім болады? Бұл сұраққа елорда әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Астана қалалық ортаны регенерациялау басқармасының басшысы Ғани Исқалиев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әкім жалға алу құқығы бойынша такси қызметін пайдаланатын болады. Бұл - белгілі бір көлік немесе жүргізуші. Таксопарк ол көлікті немесе жүргізушіні ауыстыра алады. Бәлкім, басқалардан гөрі, әкімді алып жүретін жүргізушіге қойылатын талап қатаң болуы мүмкін. Қауіпсіздік туралы сұрайтын болсаңыздар, әкімнің жүргізушісіне берілетін арнайы артықшылықтар немесе аттестаттау, тестілеу жоқ. Ол да - қарапайым такси жүргізушісі. Әкім демалып жатқанда ол жүргізуші басқа да таксистер секілді басқа ұйымдар үшін жұмысын жалғастыра береді», - деді Ғани Исқалиев. 

Еске сала кетсек, бұған дейін астаналық әкімдіктің 2018 жылдан бастап, такси қолдану бойынша пилоттық жобаға ауысатыны хабарланған еді. Осы жылдың қыркүйек айында қала әкімдігі қызметтік көліктерден бас тартқалы отыр.