Қырғызстанда сериялы маньяк ісі тергеліп жатыр. 41 жастағы Құмарбек Абдыров 17 жастағы Айсулуу Мұқашеваны қатыгездікпен өлтірді деген күдікпен ұсталған. Ол кейін соңғы 15 жыл ішінде жасаған басқа да қылмыстарын мойындаған, деп хабарлайды Ult.kz 24.kg агенттігіне сілтеме жасап.
ЭлТР телеарнасы 15 қыркүйекте Қырғызстан ІІМ қызметкерлері жүргізіп жатқан тергеу жайлы арнайы репортаж жариялаған.
Тергеу деректеріне сүйенсек, Құмарбек алғашқы қылмысын 2006 жылы «Көк-Жар» тұрғын ауданында жасаған. Ол кезде 22 жастағы студент қызды анасымен бірге келе жатқан жерінен темір затпен (газетке оралған) ұрып, телефонын тартып алып, қашып кеткен. Кейін ұсталғанымен, жәбірленушілерден кешірім сұрап, 5 мың сом өтемақы төлеген соң босатылған.
2011 жылғы 14 наурызда Сокулук ауданының полициясына Күн-Туу ауылына баратын жол бойындағы егістіктен жас әйелдің денесі табылғаны туралы хабар түскен. Тергеу барысында ол Бішкек тұрғыны екені, 12 ақпан күні үйінен шығып кетіп, қайта оралмағаны анықталған. 1989 жылы туған А.Ж.Ж. алдымен зорланып, кейін өлтірілген. Әйел сегіз айлық жүкті болған.
2014 жылдың 10 наурызында 19 жастағы Камила Дуйшебаева жоғалып кеткен. Алты күннен кейін оның мәйіті Аламүдүн ауданындағы жол жиегінен табылды. Ол өз шарфымен буындырылған.
Бұл оқиға ел арасында үлкен резонанс туғызған еді. Сол кезде милиция күдікті ретінде бұрынғы бас прокурор Айда Салянованың туысы Қалыбек Саляновтың атын атаған. Себебі, жәбірленуші соңғы рет дәл соған қоңырау шалған. Кейіннен анықталғандай, ол күні Қалыбек Салянов досымен және екі қызбен саунада болған, бірақ кейін бейнебақылау жазбалары жойылған. Полицияның айтуынша, дәл осы деректердің жойылуы Камиланы өлтіру ісін ашуға кедергі болған. Қазір шынайы қылмыскер табылды — ол Құмарбек Абдыров болып шыққан.
2014 жылдың 13 наурызында түнгі сағат 23:37-де Бішкектегі Раззақов көшесіндегі тұрғын ауданнан тағы бір жас қыздың мәйіті табылған. Тергеу тобы оның басына пакет кигізіліп, қолдары байланып тасталғанын анықтады. Сараптама нәтижесінде 22 жастағы М.С.Н. зорланып, кейін буындырылып өлтірілгені белгілі болды. Ол кезде қылмыскер табылмаған. Қазір тергеу барысында оның да қылмысы Құмарбекке тиесілі екені анықталды.
2015 жылғы 13 қазанда Құмарбек тағы бір қызды өлтірмек болған, бірақ бұл жолы жәбірленуші тірі қалған.
Қыздың сөзіне қарағанда:
«Ол мені арыққа сүйреп тастады. 15–20 секундтан кейін үлкен тас лақтырды — басыма тигізбек болды, бірақ қолыма тиді. Сосын қарап тұрды да кетіп қалды. Мен қозғала алмадым, қорқып жаттым, қайта оралады деп ойладым. Біраз уақыттан кейін арықтан шығып, жолға шықтым, қарсы беттегі жанармай құю бекетін көріп, сонда қарай жүгірдім. Маған көмектесіп, ауруханаға жеткізді».
Кейін ол полицияға арыз жазған. Құмарбек адам өлтіруге оқталды деген айыппен ұсталып, 2016 жылы аудандық сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырған. Бірақ кейін жаза мерзімі 7 жылға қысқарып, 2018 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.
2024 жылдың 27 қыркүйегінде сағат 20:30 шамасында Ыстықкөл облысында 2008 жылы туған қыздың жоғалғаны туралы хабар түскен. Ол сағат 12:30 шамасында үйінен құрбысына барамын деп шыққан, бірақ қайтып оралмаған. Кейін белгілі болғандай, сол сәтте-ақ ол өлтірілген. Тергеу дерегі бойынша, қыз екі рет зорланғаннан кейін қаза тапқан.
Бейнебақылау камералары оны Honda Stream автокөлігіне мініп отырған сәтін тіркеген. Осы жазба арқылы көліктің иесі әрі жүргізушісі Құмарбек Абдыров анықталып, ұсталған.
Тергеу барысында бұрын жасалған басқа қылмыстармен оның байланысы анықталып, Құмарбектің 2006 жылдан бері бірнеше қызды зорлап, өлтіргені белгілі болды.
Ол сондай-ақ бір қызды далада зорлағанын, бірақ өлтірмегенін мойындаған. Алайда бұл іс сол кезде тіркелмеген — бәлкім, жәбірленуші шағым түсірмеген. Сол себепті Құмарбектің қылмыстарының нақты саны әзірге белгісіз.
Тергеу кезінде ол анасымен және әйелімен кездесуді сұрап, қылмыстарын БАҚ-та жарияланбас бұрын оларға өзі айтқысы келген. Кездесу кезінде жақындарына жасаған кісі өлтірулерін мойындаған.
