сурет ашық дереккөзден алынды
Қытай пандемияға байланысты саясатын өзгертті. Ал шекарадағы кезек әлі сол қалпы. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 2023-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылаған отырыста айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Инфляция қысымын бәсеңдетудің бір факторы – Қазақстан-Қытай шекарасындағы логистика. Бізге Қытайдан үлкен көлемде тауар келеді. Шекарада неғұрлым кептеліс көп болып, кезек қалыптасып, қиындық туындаса, делдалдар, ақша жинайтындар соғұрлым көбейеді, жемқорлық соғұрлым артады. Ондай «алымдар» елдегі тұтынушының қалтасына салмақ түсіреді. Яғни, шекарадағы ахуалды тазарту арқылы, тосқауылдар мен делдалдарды, қандай да бір жемқорлық схемаларды жоя отырып, бағаның әлдеқайда төмен болуына ықпал етеміз», - деді ол.
Сенат спикерінің айтуынша, кейінгі кезде кәсіпкерлерден шағым жиі түсетін болған.
«Шекарада жүк көліктері өте көп қаңтарылатын болған. Тіпті Қытайдың өзі режимді либералдандырып, жеңілдеткеніне қарамастан, проблема сол күйі қалып отыр. Мемлекет басшысының осы бағыттағы тапсырмасын орындайтын уақыт келді. Сенаторлар да бұл іспен белсенді айналысуға дайын. Бұл жерде осыған (шекарада қиындықтар болуына-ред.) мүдделі тұлғалар, жемқорлар аз емес сияқты. Шекарадағы бүкіл процестерді цифрландырып, автоматтандыру керек. Қытайлықтар оған қарсы деп ойламаймын. Олар мұндай бастаманы толықтай қолдайды. Кеден және өзге құрылымдар тарапынан жасанды жолмен қойылып отырған тосқауылдарды алып тастау қажет. Менің ойымша, Қытаймен шекарадағы жағдай - елдегі бағаға тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Біз бұл факторды жоя аламыз деп ойлаймын. Ол фактор көп жағдайда қолдан жасалған. Пандемия аяқталуға жақын. Қытай өз саясатын өзгертті. Ал шекарадағы кезек әлі сол қалпы. Бұл, әрине, үлкен сұрақтарды туындатады. Үкімет бұл мәселемен мықтап айналысады деп ойлаймын. Сенат депутаттары да оны бақылауда ұстайды», - деді Сенат төрағасы.