20 сәу, 2023 сағат 14:20

Қытаймен шекарадағы кеденді Назарбаевтар отбасы бақылады ма - министр жауабы

Көрнекі фото: zhetysu.gov.kz

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қытаймен шекарадағы кеденде көптеген заңбұзушылық анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Ел арасында Қытаймен шекарадағы кеденді Назарбаевтар отбасы мен оның айналасы бақылады деген сыбыс бар. Сіздердің тарапыңыздан қандай да бір тексеріс жүргізіліп жатыр ма?", - деп сұрады журналистер Мәжіліс кулуарында Жамаубаевтан.

"Былтыр Президент кеден саласында тәртіп орнатуды тапсырған болатын. Осыған байланысты Бас прокуратура, басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілген тексеріс барысында көптеген заңбұзушылық анықталды. Жұмыс тобы құрылды. Барлық анықталған факті құқық қорғау органдарына тапсырылды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Бюджет заңбұзғандар тарапымен дер кезінде төленбеген сомамен толықты", - деді министр.

Ол заңбұзушылардан былтыр 50 миллиард теңге өндірілгенін атап өтті. Алайда Жамаубаев Қытаймен шекарадағы кеденде нақты кімнің заң бұзғанын айтудан бас тартты.

"Ол жерде заң бұзған бірнеше экономикалық оператор болды. Ал түпкілікті бенефициарды жаңа сіз өзіңіз атадыңыз ғой", - деді министр.

Айтуынша, 15 экономикалық оператордың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Министр толық ақпаратты құқық қорғау органдарынан сұрауды өтінді.