09 мау, 2021 сағат 11:45

Қытайдың кедендік статистикасымен алшақтық қысқарды - министр


Қытай Халық Республикасының кедендік статистикасымен арадағы алшақтық қысқарды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жиі көтеріліп жүрген мәселенің бірі – ол Қытай Халық Республикасының кедендік статистикасымен арадағы алшақтыққа қатысты. Әлемдік тәжірибеде сыртқы сауда статистикасындағы осындай алшақтықтар көптеген елдерге тән. Мысалы, 2019 жылы Қытай Халық Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сыртқы сауда деректерінің сәйкессіздігі 50 млрд доллардан астам болса, Германиямен - 45 млрд долларды құрады. Барлық Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде де Қытай Халық Республикасымен осындай проблемалар бар», - деді Жамаубаев. 

Осы орайда Қазақстан мен ҚХР арасындағы көрсеткіштерге түсінік берді. 

«Біздің жағдайға келсек, статистикадағы алшақтықтың айтарлықтай бөлігі Қытай тарапының біздің еліміз арқылы тауарлар транзитінің едәуір бөлігін өздерінде Қазақстанға экспорт ретінде есепке алуымен байланысты. Сонымен қатар, Қытайдан шығатын тауарлар бағасы көтермеленіп көрсетіледі, ал бізге келгенде кәсіпкерлер керісінше төмендетуді көздейді. Дегенмен қабылданған шаралар үш жылдың ішінде алшақтық мөлшерін 60 пайыздан 45 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда», - деді министр.