Фото: Pixabay
Қытай сыртқы істер министрі Түркия, Сауд Арабиясы және Ирандағы әріптестерімен телефон арқылы сөйлесіп, Израильді «шектен шықты» деп сынады, деп хабарлайды Кazinform.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында жазылғандай, сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ван И 15 қазанда Сауд Арабиясы, Иран және Түркия Cыртқы істер министрлерімен телефон арқылы сөйлесті.
Ван И әңгімелесу барысында Израильдің Газа секторына қарсы қазіргі әскери операциялары өзін-өзі қорғау шегінен асып кеткенін айтты.
Оның атап өтуінше, кез келген ел өзін-өзі қорғау құқығын пайдаланған кезде жазықсыз бейбіт тұрғындардың құрбан болуы есебінен емес, халықаралық гуманитарлық құқықты сақтауы керек.
Қытай министрі сондай-ақ, Палестина халқына қарсы әділетсіздіктің жарты ғасырдан бері жалғасып келе жатқанын, сондықтан Қытай Сауд Арабиясы және басқа елдермен бірге Палестинаның ұлттық құқықтарын қалпына келтірудегі әділ ісіне қолдау көрсетуге дайын екенін, Қытай Палестина мәселесінде ислам елдерінің «Бірыңғай дауыс шығаруын» қолдайтынын да баса айтты.
Айта кетейік, бұл - Қытай сыртқы істер министрінің ХАМАС 7 қазанда шабуылын бастағаннан кейін Израильдің қарсы соққысын алғаш рет сынға алғаны. Бірақ осы уақытқа дейін ол шабуылды бастаған ХАМАС-ты әлі ашық айыптаған емес. СІМ мәліметінше, ХАМАС-тың Израильге қарсы бұған дейін жасаған шабуылдарында Қытайдың 4 азаматы қаза тауып, алтауы жараланған, екеуі із-түзсіз жоғалған.
Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, Қытай үкіметінің Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Чжай Цзюнь бейбітшілікті ілгерілетуді үйлестіру үшін осы аптада Таяу Шығыс елдеріне баруды жоспарлап отыр.