19 шіл, 2025 сағат 13:35

Қытай азаматтары қазақстандық блогердің әрекетіне наразы

Фото: видеодан скриншот

Қытайдың әлеуметтік желілері мен жаңалық сайттарында қазақстандық инстаблогер Аружан Айбекованың әрекеті қызу талқыланып жатыр. Қытайлықтар блогердің қылығы үшін жауапқа тартылуын талап етуде, деп хабарлайды Ult.kz.

Қытай басылымдарының жазуынша, Аружан Айбекова «Қытайда ұрлық жоқ» деген пікірге сенбей, сауда орталықтарында пранк ұйымдастырған. Ол серіктесімен келісіп, оның қалтасынан телефонды алып, қытай азаматтарының қолына күштеп ұстатып, артынша «телефонымды ұрлады» деп айқайлаған.

Сондай-ақ, блогер Гуанчжоу көшелерінде және метро станцияларында бейтаныс ер адамдардың қолы мен аяғына тиіп, түрлі физикалық әрекеттер жасап, оларды видеоға түсірген. Бұл әрекеттері Қытайда қоғамдық тәртіпті бұзу және жеке бас құқықтарын бұзу ретінде бағаланып отыр.

Қытай заңына сәйкес, мұндай жалған айыптаулар мен рұқсатсыз түсірілген видеолар үшін айыппұл, қамауға алу немесе депортация секілді жазалар қарастырылған.

Қытайдың Гуанчжоу қалалық полициясы бұл шағымдарға назар аударып, заң аясында шара қолдануға кіріскен. Юрист Хань Дунъяньдің айтуынша, блогердің әрекеті – «араздық тудыру және тәртіпсіздікке итермелеу» болып саналады.

Жергілікті БАҚ бұл оқиғаны мәдениеттілік пен заңға бағынудың маңызын еске салатын жағдай ретінде атап өтті.