03 қаз, 2022 сағат 16:33

Қыркүйекте Қазақстандағы инфляция деңгейі 18 пайызға жақындады - Ұлттық бюро


2022 жылғы қыркүйектегі инфляция деңгейі тамызбен салыстырғанда 1,8%-ға өсіп, жылдық инфляция деңгейі 17,7%-ға жетті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп жазады Ulysmedia.kz

2022 жылғы қыркүйекте азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 22,2%-ға өсті. 

Қыркүйек айында инфляцияның ең жоғары өсім қарқыны ақылы қызметтер саласында байқалды – 2,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 1,9%-ға қымбаттады.

Ақылы қызметтер арасында бір айдың ішінде ең жоғары өсім тұрғын үйді жалға беру саласында байқалды – 13,1%, білім беру қызметтері 7,1%-ға өсті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінен жиһаз бен тұрмыстық заттар бағасы 5%-ға көтерілді, жуу және тазалау құралдары 4,4%-ға, жеке пайдалануға арналған тауарлар 2%-ға, киім мен аяқ киім 1,9%-ға қымбаттады.

Отын бағасы 3%-ға, тас көмір 2,9%-ға, баллондардағы сұйытылған газ 1,5%-ға өсті.

Азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 1,2% өсті. Жұмыртқа бағасы 7,5%-ға, күнбағыс майы 4,6%-ға, күріш, макарон өнімдері әрқайсысы 4,1%-ға, тоқаш және ұн өнімдері 3,8%-ға, жармалар 3,2%-ға, кондитер өнімдері 3,1%-ға өсті.

Бұл ретте, жаңа піскен көкөністер бағасы 10,2%-ға, картоп 8,5%-ға, құмшекер 5,2%-ға, жаңа піскен жемістер 3%-ға арзандады.