10 мау, 2021 сағат 18:02

Қырғызстанмен және Ресеймен шекарада сауда-экономикалық орталықтар құрылады


Қырғызстанмен және Ресеймен шекарада сауда-экономикалық орталықтар құрылады. Бұл туралы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші жалпы отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Басымдыққа ие экспорттық өнімдерді жеткізудің оңтайлы нұсқаларын жолға қою мақсатында біз Еуразиялық тауар өткізу жүйелерін және трансшекаралық хабтар құру жұмысын бастадық. Заманауи трансшекаралық сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуда негізгі «өсім нүктесі» Қытаймен шекарадағы Қорғас торабы және Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы болмақ. Дәл осынай орталықтар Қырғызстанмен және Ресеймен шекарада құрылады», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық дәліздерде Шығыс-Батыс және Оңтүстік-Солтүстік белдеуінде тауларлар, жүктер мен қызметтердің үйлесімі қамтамасыз етіледі. 

«Бұл ретте Еуразиялық даму банкі көрсетіп отырған Орталық Азия өңіріндегі сауда-логистикалық әлеуетті дамыту жөніндегі эксперттік-сарапшылық қолдауы аса құнды саналады», - деді Бақыт Сұлтанов.