Фото: gov.kz
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің басшысы Ерлан Алдажұманов Қырғызстанмен арадағы шекараны күзету шаралары күшейтіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазіргі кезде осы бағытта шекараны күзету шараларын күшейтудің нақты себептері бар.
“Шекарадағы заңбұзушылар, контрабанда және тағы басқа мәселелерге байланысты қырғыз бағытындағы шекараға басымдық беріліп отыр. Сол себепті ол жақты күшейтіп жатырмыз. Бірақ резерв бар, кез келген шекара учаскесін жаба аламыз”, - деді Алдажұманов Сенатта өткен брифингте.
Осы орайда Шекара қызметінің басшысы шекараны күзетуге не себепті қыруар қаржы жұмсалып жатқанын да түсіндірді. Оның айтуынша, КСРО кезінде 6 шекара отряды Қытаймен арадағы шекараны ғана күзеткен.
Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін барлық шекараны күзетуге тура келді. Арнайы құрал-жабдықтар мен үй-жайлардың тапшылығы қатты сезілген. Бертін келе, шекарашылардың саны артты. Қазіргі кезде шекарашыларды көбейтпей, техникалық тұрғыда бақылау шараларына басымдық беріледі. Оған көп ақша керек.
“Нақты сомасын айтпай-ақ қояйын, өте көп ақша керек. Мысалға бір шекара заставасы 20 шақырымды күзетеді. Осы учаскені қажетті инфрақұрылым және техникамен қамтамасыз ету үшін 2,9 миллиард теңге қажет. Ал Қазақстандағы шекараның ұзындығы 15 мың шақырымнан асып отыр”, - деп атап көрсетті Алдажұманов.