30 мау, 2021 сағат 19:19

Қырғызстанға мұнай экспорттау туралы келісім қашан күшіне енеді?


Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Қырғыз Республикасына Қазақстаннан мұнай жеткізу туралы келісім қашан ратификацияланатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қырғызстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімнің жобасы Қазақстан тарапынан толық пысықталды. Оны біз Қырғыз Республикасындағы әріптестерімізге жолдаған болатынбыз. Бүгінгі таңда ол Қырғыз Үкіметінің қарауында жатыр», - деді ол орталық коммуникаиялар қызметіндегі брифингіде.

Министрдің айтуына қарағанда, құжаттың мәтінін көрші елдің Үкіметі әлі мақұлдамаған.

«Бүгінгі схема мынадай. Қырғыз Үкіметі келісімнің мәтінін мақұлдауы керек. Екі елдің Үкіметтері келісім жобасына қол қойғаннан кейін барып құжат ратификацияланады. Оның қашан іске асатыны Қырғыз тарапына байланысты. Олар қашан жобаға қол қояды, ратификациялау сол кезде басталады», - деді Нұрлан Ноғаев.