19 жел, 2021 сағат 14:21

Қырғызстан Түркиядан "Байрактар" сатып алып, әскерін күшейтті

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Түркиядан сатып алынған "Байрактар" апппаратын көріп тұр.

Қырғызстан Түркиядан ұшқышсыз ұшатын "Байрактар" аппаратын сатып алды. "18 желтоқсанда "Байрактарды" президент Садыр Жапаров барып көрді" деп хабарлады Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі. Бұл ақпаратта "Байрактардың" Қырғызстан Шекара қызметіне берілгені айтылған.

Қырғыз президенті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, республикалық бюджет есебінен сатып алынған "Байрактар" ел қорғанысы мен шекара күзетін қамтамасыз етпек.

Қырғызстанның Түркиядан "Байрактар" сатып алатыны жайында биыл 21 қазанда Қырғызстан мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиев айтқан болатын. Бірақ ол қанша ақшаға қанша "Байрактар" сатып алатынын нақтыламаған.

Тәшиев "Байрактар" әлемнің бес-ақ елінде бар, біз - соның біріміз. Ресейден де "Орлан-10" ұшқышсыз аппаратын сатып алдық",- деген болатын.

Қазанның 23-іне баспасөз конференциясын өткізген президент Садыр Жапаров Қырғызстан әскери техникасын жаңарту үшін 100 миллион доллар бөлінгенін және Түркия мен Ресейден ұшқышсыз аппараттар сатып алынғанын хабарлаған.

- Жанжал шығару үшін емес, еліміздің қауіпсіздігін сақтау үшін сатып алып отырмыз. 30 жылда қолымызға қару алып өзгенің жерін басып алған емеспіз. Бірақ жерімізге көз салатындар болса, жауап өте қатаң болады,- деді Садыр Жапаров.

Қырғызстанның Тәжікстан мен Өзбекстан арасындағы шекарасы қазірге дейін толық демаркацияланбаған. Қырғызстан мен Тәжікстан арасында бұған дейін бірнеше рет жер дауы шыққан. Биыл көктемде екі ел шекарасында атыс болып, екі жақтан жүзге жуық адам оққа ұшқан. Бұрынырақ Қырғызстан мен Өзбекстан арасында да осыған ұқсас жанжалдар болған.


Азаттық


Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.