04 қар, 2020 сағат 15:29

Қырғызстан ОСК: Президенттіктен үміткер болуға 7 адам өтініш берді

Қырғызстан орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтарға белгіленген президент сайлауына үміткер ретінде қатысқысы келетіндердің саны 7-ге жеткенін хабарлады. Сәрсенбі күні парламент спикері қызметінен бас тартқан "Кыргызстан" партиясының жетекшісі Канатбек Исаев өтінішін 4 қарашада тапсырған. 

Осыған дейін Бакыт Бекетаев, Бектур Асанов, Назарбек Нышанов, Кубан Чороев, Арстанбек Абдылдаев және Адахан Мадумаровтың өтініш тапсырғаны хабарланған еді. 

Парламент спикері Канатбек Исаев 4 қараша күнгі Жогорку кеңеш отырысында президент сайлауына қатысқысы келгендіктен қызметінен бас тартатынын мәлімдеген еді. 

Қырғызстанда 4 қазанда парламент сайлау өтіп, оның нәтижесіне наразы болған он шақты саяси партия 5 қазанда митинг ұйымдастырған болатын. Наразылықтың соңы қақтығысқа ұласып, ақыры билік алмасқан. Қазір президент міндетін демонстранттар талабымен қамаудан босап шыққан Садыр Жапаров атқарып жатыр. Жапаров та осыған дейін президент сайлауға қатысу ойы барын айтып, 14 қарашаға дейін қызметінен кететінін мәлімдеген. Әзірге орталық сайлау комиссиясына өтініш бермеген. 

Қырғызстанда президент сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді. Президенттіктен үміткерлер 15 қарашаға дейін ОСК-ға өтініш тапсырып, 7 желтоқсанға дейін 1 миллион сом көлемінде тиісті жарна төлеуі тиіс.