«Қыпшақ даласының жусаны» яғни «Полынь половецкого поля» деген кітап орыс тілінде Мәскеу қаласында 1994 жылында жарық көрді. Авторы – түрік-қыпшақ халықтарының тобына жататын құмық ұлтының перзенті Мұрат Әжі еді. Кітап кезіндегі Олжас Сүлейменовтың «АзиЯ»-сындай әлемге қыпшақтың тарихи рөлін көрсетіп, көптеген халықтың рухын оятты.
Наурыздың 7-інде жазушы Мұрат Әжі дүниеден озды. Кейбіреулер бұл тарих зерттеушісін түрік халықтарынан шыққан данышпан деп санаса, енді біреулер тарихты бұрмалаған әсіре ұлтшыл деген кінә тақты. Алайда, Мұрат Әжі тек қана туған құмық халқының емес, бүкіл қыпшақ, түрік халықтарының қамын жеп, өзінің еліндей, бір тұтас елдей көрген. Тіпті, орыс, украин, еуропалық халықтарын сақ, скиф, ғұн, түрік, қыпшақтардан таратып бауырындай көрген. Мұрат Әжінің пікірі бойынша Ресейдің, Еуропаның мәдениетін, сәулет өнерін, діни ұстанымдары мен әдет-ғұрыптарын, символикасын, геральдикасын қалыптастырған, әкеліп енгізген, негізін қалаған ғұн, түрік пен қыпшақтар еді. Осылайша, еуропацентристтік көзқарасынан бас тартып, ғұндар бастаған Халықтардың ұлы қоныс аударуына ерекше көңіл аударып зор мәнін берген.
Зерттеушінің «Қыпшақтар», «Еуропа. Түріктер. Ұлы дала», «Түріктер мен әлем: құпия тарих», «Менің жусан жолым» сияқты кітаптарында ежелгі түріктердің тарихы жан-жақты қарастырылып, Алтайдан бастаған ұлы көштің іздері, Дешті-Қыпшақтың құпия шежіресі жазылған. Мұрат Әжі еңбектерінде «мекеніміз Дала, бесігіміз Алтай» деп жазып, Алтай тауын, Енисей – Анасу, Байкал – Байкөл, Қатын өзенін, тайга орманын бүкіл түркі халықтарының шыққан жері, ел болып қалыптасқан қасиетті Атамекені, ата топырағы, мәдени мен рухани ошағы ретінде жырлаған. Ата-бабаларымызды жер жүзінде бірінші темір балқыған ұсталар деп сипаттаған. Көк түріктердің мәдениетін, наным-сенімдерін жоғары бағалап, жазушы ежелгі түріктердің діни ұстанымдары буддизмге де, Еуропа халықтары қабылдаған христиан дініне де әсер еткенін жазды. Алтай, Дешті-Қыпшақ мәдениетінің Ресей мен Еуропаға ғана емес, Иран, Үндістанға жасаған ықпалын айтты.
Әрине, тарих зерттеушіні «артық кетіп қалдың», «өтірік соғып тарихты бұрмалап жатырсың»деп сынға алғандары көп еді. Бірақ, сонымен қатар «сөзінде жан бар», «ата-бабаларымыздың асыл мұрасын көпшілікке жеткізіп, ақиқаттың жаршысы болды» деген пікірлерін білдіріп, ұлы қыпшақты ерекше сыйлап, данышпан деп санайтындар да аз емес еді. Қалай болса да, Мұрат Әжі Дешті-Қыпшақты сүйген ер еді.
Дешті-Қыпшақ дегенде Қазақстан, Өзбекістан, Қырғызстан, Түрікменстан, Алтай, Саха, Татарстан, Башқұрстан, Чувашия, Дағыстан, Ноғай даласы, Әзірбайжан, Қырым, Гагауз жері, Қарақалпақ, Қарашай-Малқар, Құмық деп бөлген жоқ. Еуропадағы мажар, болгар, тіпті орыс, казак, украиндарды бауырларым деп өзіне, түркі халықтарына қарай тартты. Еуропаның қалыптасуына Аттила үлесін қосқан, Алтайдан бастаған деп, немістерді, француздарды, ағылшындарды Түркі әлеміне жақындығы бар деп қосып жүрді. Дон, Днепр, Днестр, Дунай өзендерінің атауларын «дөң» сөзімен байластырды. Ал «Оғыз» деген этнонимнің мағынасы «дана, данышпан, тәжірибесі мол» деп жазды.
Мұрат Әжі жаман-жақсы болды ма, ақиқат-өтірік жазды ма, сыр-құпияны ашқан азамат па, тарихты бұрмалап қателерді жасаған адам ба – енді ел, ұрпақтар, оқырмандар, келешектің тарихшылары, сыншылары мен зерттеушілері анықтайды. Алайда, Мұрат Әжі – түркі әлемінің сом тұлғасы, Дешті-Қыпшақтың арда емген азаматы болғаны айдай анық. Бар өмірін ата-бабаларымыздың мирасын зерттеуіне арнаған, көп жыл әлем және дала тарихының сыр маржандарын іздеп терген ер еді. Кітаптары – ұрпаққа аманат.
Асқар Дайырбек