22 там, 2022 сағат 08:13

Қылмыстық топтан 700-ден аса киік мүйізі тәркіленді - видео


18 тамызда Қарағанды облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Қызылжар елді мекенінде соңғы бірнеше жыл ішінде аталған екі облыс аумағында Қызыл кітапқа енген киіктерді заңсыз атумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Топ мүшелері мерзімді түрде киіктерді атып, мүйіздерін Қытай Халық Республикасына жөнелту мақсатында оңтүстік өңірге сатып отырған. Олар қылмыстық жолмен алынған киік мүйізінің бір келісін 80-100 мың теңге аралығында сатқан.


"Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері алты рет тінту жұмыстарын жүргізіп, қылмыстық топтың үш мүшесі (34 пен 46 жас аралығында) ұсталды және үшеуіне іздеу жарияланды. 150 келі, яғни 732 дана киік мүйізі тәркіленді. Сондай-ақ, күдіктілерден таразы, пышақ суық қаруы, тіркелмеген қару және авто-мототехника тәркіленіп алынды", - деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-1-бабына (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Тергеу әрекеттерімен Қарағанды облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушілері айналысып жатыр.