16 қыр, 2022 сағат 12:04

Құжаттарды өзгертудің қажеті жоқ - министр елорда атауына қатысты

Фото: Tengrinews.kz

Әділет министрі Қанат Мусин елорданың атын Астана деп өзгерткен жағдайда қазақстандықтар құжаттарын өзгертуге міндетті болмайтынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар министрден елорда атауы өзгерген жағдайда құжат өзгерту қажет пе деп сұрады.

"Азаматтарға құжаттарды өзгерту қажет емес. Құжатта қаланың бұрынғы атауы тұрса да, жарамды болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары азаматтардың құжаттарын сол қалпында қабылдайды. Қалалық мәслихат қаланың атын өзгерту мәселесі қаралған кезде қосымша шығындар болмайтынын айтқан болатын.

Көше, маңдайшаларды өзгертуге келер болсақ... Асығыс өзгертудің қажеті болмайды. Бұл үдерістер бюджеттік қаражатқа байланысты жоспарлы түрде өтеді. Бүгінде құжат айналымы цифрлық форматта жүргізілетіндіктен қосымша шығын болмайды", - деді Қанат Мусин депутаттық сауалға жауап бере отырып.