15 там, 2021 сағат 12:14

Күзде теңге бағамы қалай өзгереді – сарапшылар пікір білдірді


Қазақстанда инфляция рекордтық 8,4 процентке жетті. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, төрт жыл бұрын осы көрсеткіш 7,9-ға дейін барған. Биыл бірден 8 проценттен асып кетті.

Жақында президент Тоқаев ұлттық банк төрағасын Ақордаға шақырып, инфляцияны барынша тежеп отыруға тапсырма берді. Себебі бағалар шарықтап кетті. Бүгінде "теңгенің құны инфляцияға сәйкес келмейді" деген пікірлер айтылып жүр. Содан девальвация туралы алыпқашпа әңгімелер де тарай бастады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген экономист мамандар теңгенің болашағына болжам жасады.

5-10 процентке түзетуге тура келеді

Экономист Арман Байғановтың ойынша, инфляцияның қазіргі деңгейі ұлттық банк айтып отырған көрсеткіштен жоғары болып тұр. Себебі қымбатшылық барлық салада байқалады. Ал мемлекеттік органдар халық дүрлігіп кетпесін деп, инфляцияның төмендетіп көрсетуі әбден мүмкін.

"Меніңше, қазіргі инфляция 10 проценттен асып кетті. Демек, ұлттық банктің базалық ставкасы да жоғары болуы тиіс. Ал инфляция көтерілген сайын тауар мен қызметтердің өзіндік құны көтеріледі. Ондайда отандық бизнесмендердің бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Бәріміз Еуразиялық экономикалық одаққа кіреміз ғой. Кәсіпкерлер көрші елдерге қымбат тауар апарса, оны кім алады? Олар бәсекелестікке төтеп бере алмайды", - дейді Байғанов.

Сарапшы теңгенің қазіргі бағамы долларға сәйкес келмейді деп ойлайды. Сондықтан оны біршама түзетуге тура келеді.

"Бәлкім, теңге бағамын бірден 5-10 процентке түзетуге тура келеді. Сосын ұлттық қордың ақшасы да көбейіп жатқан жоқ. Мемлекет салықты жинап жатыр. Түсімі жақсы дейді. Бірақ бюджеттің шығындары да өсіп келеді. Жалақыны, зейнетақыны көтерді, тағысын тағы. Оған ұлттық қордан ақша алады. Бірақ оны да толықтырып отыру қажет", - дейді Байғанов.

"Әдейі тықпалап жатыр"

Ал қаржыгер Расул Рысмамбетов біреулер девальвация туралы алыпқашпа әңгімелерді әдейі таратып жатыр деп санайды.

"Екі апта болды, дәл осы мәселені біреу масс-медиаға әдейі тықпалап жатқан сияқты. Енді, бізде девальвацияны қалайтын ойыншылар бар ғой. Мәселен, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өз шикізатын доллармен сатады. Оларға долларды айырбастағанда теңгенің көптен шыққаны тиімді. Жалпы, доллармен табыс табатындардың бәрі солай. Олар жалақыны да, салықты да теңгемен төлейді. Ал теңге құнсызданса, ақша көп шығады. Демек, табыстың көлемі артады", - дейді Рысмамбетов.

Маманның ойынша, теңге бірден әлсіреп кетпейді. Бірақ экономиканың диверсификациясын жасай алмасақ, ұлттық валютамыз біртіндеп құнсыздана береді. Осы орайда сарапшы қазіргі рекордтық инфляцияның себебін де түсіндірді. Оның айтуынша, мемлекет экономикаға көп қаржы құйғаннан кейін инфляцияның деңгейі көтеріліп келеді.

"Инфляция жайдан-жай 8,4 процентке дейін көтерілмейді. Меніңше, мемлекет экономиканың баяулап қалғанын көргеннен кейін ақшаны көптеп құйып жатыр. Ал айналымда ақша көп болса, инфляция міндетті түрде көтеріледі. Содан жақында ұлттық банк инфляцияны сәл тежеу үшін базалық ставканы біршама көтерді. Алдағы уақытта инфляцияның жылдық көрсеткіші 8 проценттен түспесе, қыркүйек-қазан айларында базалық мөлшерлеме тағы көтерілуі мүмкін", - деп атап көрсетті Рысмамбетов.

Халықтың жағдайы қиындап кетеді

Экономист Марат Қайырленов та қазіргі кезде девальвация жасаған дұрыс емес деп отыр. Ондай шара шикізатты доллармен сататындарға тиімді болса да, қарапайым халықтың тұрмысына кері әсерін тигізеді.

"Экономикада "инфляциялық-девальвациялық спираль" деген түсінік бар. Мысалы, теңгенің долларға шаққандағы бағамы 1 процентке әлсіресе, 0,12 проценттік инфляция болады дейді. Ал біздің есебіміз бойынша 0,45 процент, сонда 9 проценттік инфляция кезінде теңге, шамамен, 20 процентке әлсірейді. Дәл солай істесек, жаңағы инфляциялық-девальвациялық спиральге түсіп кетеміз. Сонда өртті бензинмен өшіргендей боламыз. Иә, девальвация жасауға болады. Соның нәтижесінде шикізат сататындардың табысы артады. Бірақ, өкінішке қарай, халыққа қиындау болады", - дейді Қайырленов.

Сарапшы теңге бағамына басқа да маңызды факторлардың әсер ететінін де еске салды. Соның ішінде Ресейге салынатын санкциялар мен мұнайдың әлемдік бағасы бар. Егер осы мәселер шиеленісіп кетсе, ұлттық валютаның жағдайы нашарлайды.

"Сол кезде таңдау жасауға тура келеді. Ал инфляциялық-девальвациялық спиральге түсіп кетсек, одан шығу қиын болады. Инфляция өсе береді. Меніңше, инфляцияның қазіргі деңгейі басқаша. Ұлттық банк азық-түлік тауарларының бағасы 8-9 процентке қымбаттады дейді. Бірақ, шын мәнінде, одан да жоғары болып тұрған тәрізді", - деп атап көрсетті Қайырленов.

Маманның ойынша, күзге қарай карантиндік шаралар күшейсе, жағдай қиындай түседі.

Теңгеге қысым түседі

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық ұлттық банк инфляцияны бақылаудан шығарып алды деп санайды.

"Шынымен де, инфляция өте жоғары болып кетті. Ұлттық банк оны бақылаудан шығарып алды деуге негіз бар. Өйткені банктің өзі жылдың басында инфляция 4-6 проценттік дәлізден шықпайды деген. Бірақ ол дәлізден шығып кетті. Демек, ұлттық банк қадағалауды қолынан шығарып алды", - деді Халық.

Сарапшы ұлттық банктің экономикадағы ақша массасын арттырғанын да еске салды. Мәселен, 2020 жылы қазан айында 24 триллион 180 миллиард теңге болған. Қазір оның көлемі 28 триллион теңгеден асып кетті.

"Демек, 10 айдың ішінде айналымға тағы 4 триллион теңге шығарылып отыр. Бұның бәрі инфляцияға әсер етеді. Оған қоса, азық-түлік инфляциясы бар. Тауарлар қымбаттап жатыр. Соның салдарынан халықтың төлем қабілеттілігі төмендейді. Биылғы қуаңшылықтың әсері де болады. Қазір жеміс-жидек пен көкөністің пісетін уақыты, әзірше білінбейді. Бірақ қараша-желтоқсан айларында қуаңшылықтың әсері сезіледі. Сол кезде инфляция тағы өсуі әбден мүмкін", - деп атап көрсетті Халық.

Маманның айтуынша, үкімет қолға алған бағдарламалар мен жобалар іске аспаса, инфляция күшейе береді. Ал теңгенің қазіргі бағамын ұстап отырған маңызды бір фактор бар.

"Ол – ұлттық қордан аударылып жатқан ақшалар. Былтыр қордан 4,7 триллион теңге аударылды. Оның бәрі долларда болған. Теңгеге аударды да, қор биржасы арқылы өткізді. Биыл 3 триллион теңге аударып жатыр. Демек, тұрақты түрде теңгеге күш беріліп тұр. Меніңше, осы фактор болмаса, теңгеміз көбірек құбылатын еді. Бірақ келесі жылдан бастап ұлттық қордан бөлінетін трансферттер түседі. Демек, сол кезде теңгеге қысым түседі", - деп атап көрсетті Халық.

Дегенмен, теңгенің бағамы аяқ астынан түсіп кетуі де мүмкін. Мәселен, мұнайдың бағасы күрт арзандап кетсе, былтырғы жағдай қайталанады. Сосын тағы бір сыртқы фактор бар. АҚШ-тың федералды резерв жүйесі доллардың пайыздық мөлшерлемесін көтерген жағдайда басқа валюталар құнсыздана бастайды. Теңге де әлсірейді.

"Сондықтан біздің теңгеміз қаупісіз, бәрі күшті деп айта алмаймын. Оған әсер ететін факторлар көп. Ертең аяқ астынан мұнай бағасы түсіп кетсе де, теңге бірден құлдырайды", - дейді Халық.