06 там, 2021 сағат 14:05

Күзде көмір тапшылығы болмауы үшін не істеу керек - ҚТЖ өкілі өз ұсынысын айтты


«Самұрық Қазына» ақпарат алаңында өткен брифингіде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Оралхан Құлақовқа күзде көмірге қатысты қарбалас болмауы үшін қандай шара қабылданып жатқаны жөнінде сауал қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл жерде мәселе маусымдық тасымал туралы айтылып отырса керек. Әдетте тамыздың аяғынан бастап көмір мен астық тасымалы 30-35, тіпті кейде 40 пайызға дейін артады. Бұл кезеңге біз де барынша дайындаламыз. Өз баяндамамда айтқанымдай, қолда бар жылжымалы құрам ел ішіндегі тасымалды уақтылы қамтамасыз етуге жеткілікті. Бірақ тасымал жыл бойында нақты белгіленген ырғақпен ұйымдастырылуы керек. Үш айлық көлемді бір айда жөнелтсе, әрине, кептеліс болады. Ал жоспарлап, сол бойынша тасымалданса, вагондар жеткілікті. Тасымалдың нақты ырғақпен ұйымдастырылуы тиеушілерге ғана емес қабылдап алушыларға да қажет», - деді ҚТЖ өкілі. 

Оның айтуынша, бүгінде теміржол арқылы жүк тасымалдау нарығында барынша ашық жүйе қалыптасқан. «ҚТЖ» монополиясы барынша азайтылған. 

«Мен бұл жерде тасымалдаушы құрамды ҚТЖ-ныкі немесе жеке тасымалдаушылар деп бөліп отырған жоқпын. Қолда бар вагондар паркі деп бәрін қосып айтып отырмын. Біздің «Қазтеміртранстың» иелегіндегі жартылай ашық вагонардың үлесі бүкіл парктің 40 пайызына да жетпейді. Ал жабық вагондардың жалпы құрамдағы үлесі 40 пайыздан сәл асады. Яғни, нарықта барынша ашық жүйе қалыптасқан», - деді ол.