12 мау, 2020 сағат 12:50

Күйеу баласын өлтірген белгілі боксшы қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

Қостанайда белгілі боксшы Аслан Мұқановқа қатысты сот ісі қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, боксшы Аслан Мұқанов 2019 жылғы шілде айында қамауға алынған. Оған өзінің күйеу баласын өлтіргені үшін ҚР ҚК 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгін қылмыстық іс бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта боксшы қылмыстық жауаптан босатылды. 

«Өткен жылдың шілде айында қарындасының күйеуін өлтірді деген күдікпен спортшы қолға түсті. Бүгін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотта оған үкім шықты. Сот оны ақыл-есі дұрыс емес деп таныды. 

«Сот Аслан Сапарғалиұлы Мұқановтың қабілетсіз жағдайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 3-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасағанын дәлелдеді. Оны іске қабілетсіз деп тану туралы қаулы шығарылды. Мұқанов ҚР ҚК 16-бабы негізінде қоғамға қауіпті әрекетті жасаған кезде есі кіресілі-шығасылы жағдайда болуына байланысты қылмыстық жауаптан босатылып отыр» делінген сот үкімінде.

Аслан Мұқановқа Алматы облысындағы сот-психиатриялық стационарында мәжбүрлеп емдеу шарасы бекітілді. 

Боксшының созылмалы психикалық ауруы бары анықталды. Ол қылмыс кезінде өз іс-әрекетіне жауап бермегенін айтты.