Абай облысының құрылатынын естіген Семей халқы шат-шадыман күйде. Президенттің осы сөздерді айтқан сәтінде орындарынан атып тұрып, бір-бірін құшақтап, құттықтап жатқан тұрғындардың бейнежазбасы бұған дәлел.
Сондағы алғашқы қатарда отырған Қазақстан Жазушылар одағы Семей қалалық филиалының төрағасы Мерей Қарт жан сарайын жадыратқан жаңалықты естігендегі алғашқы әсерін бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Абай облысының құрылуы бізге күтпеген тосынсый болды. Мұқым қала жұртшылығы бөркімізді аспанға атып қуанып жатырмыз. Ең алғаш естіген сәтте өзімді қоярға жер таппай, төбем көкке жетті. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт-Тоқаев былтыр Абайдың 175 жылдығында «Абай ұлдарымен» атты ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысқан болатын. Сонда Президент өз сөзінде Семейдің тарихи, мәдени статусы болу керектігін айтқан еді. Міне, бүгін соның нүктесі қойылып отыр», - деді Мерей Қарт.
Оның айтуынша, Абай, Шәкәрім мен Мұхтарды дүниеге әкелген қасиетті жердің осыған дейін экономикалық-әлеуметтік тұрғыда жағдайы нашарлап, халқының тұрмысы төмендеп кеткен.
«Семейліктер бұл жаңалықты көптен күтті. Десе де игіліктің ерте-кеші жоқ. Енді қайтадан шаһарға жан бітіп, тіршілігі қыж-қыж қайнайды деп сенемін. Әлеуметтік нысандар жөндеуден өтіп, мәдени орталықтар ашылып, жұрттың жағдайы түзелсе дейміз. Басқа облыстармен тереземіз тең болып, мол қаражат бөлінсе құба-құп. Көшелер, жолдар жөнделіп, қордаланған басқа да мәселелер шешімін тапcа деген тілектеміз», - деді Қазақстан Жазушылар одағы Семей қалалық филиалының төрағасы.
Өз сөзінде ол Семейдің Батыс өңірлері секілді мұнай емес, Қарағанды облысы сияқты көмір емес, адам капиталын шығарып отырғанын жеткізді.
«Кейбіреулер Семейде болашақ жоқ, сондықтан басқа жаққа көшу керек дегенді айтып жүрді. Менің оларға айтарым – кезінде Алаш партиясы болмаса қазір елорда мен Алматыда жүрген жастардың болашағы болмайтын еді», - деді Мерей Қарт.