Астана қаласының Алматы аудандық №2 сотында маңғыстаулық Oil Construction Company (ОСС) мұнай сервистік компаниясының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевтың ісіне байланысты сот процесі әлі де жалғасуда. Н. Құшақбаевтың соты бойынша жаңа ақпараттар белігі болды.
Нұрбек Құшақбаев 402-баптың 2-бөлігі бойынша ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату") айыпталып отыр.
Айыпталушының адвокаттары - Г.Жуасбаева, Т.Шаиков.
Былтырғы жылдың соңында Ақтау қаласындағы кәсіпорынның офисінде жұмысшылар аштық жариялайды. Басты талап – соттың кәсіподаққа қатысты шығарған шешімін кері қайтару. Алғашқы наразылық 15 желтоқсанда басталады. Наразылық салдарынан цехтердегі барлық өндіріс тоқтап қалады. Осына негізге ала отырып, 26 желтоқсан күні цех басшылары Қарақия мен Жетібай аудандық соттарына аталмыш ереуілдің заңсыз екендігін ескертетін арыз түсіреді. Сот мұнайшылардың аштық акциясын заңсыз деп таниды. Бірақ Құшақбаевтың сөзіне ерген жұмысшылар, наразылық акциясын сот шешімінен кейін де тыймайды.
Сот залында бұл ақпарат туралы, яғни аштық акциясының заңсыз болып танылғандығы туралы еңбек инспекторы білмеген болып шығады. Оның сөзіне сенсек, мұнай сервистік компаниясының еңбек инспекторы «Технотрейдинг ЛТД» ЖШС-де болған ереуіл туралы және оның заңсыз болып танылғандығы туралы сот шешімі барын естімеген. Тіпті сол ЖШС-нің кәсіподақ басқармасының орынбасары К. Сапарбаевпен хат алысқаны да есінен шығып кетіпті.
Анығын айтатын болсақ, 2016 жылы «Технотрейдинг ЛТД» ЖШС ҚР Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы құрамына кірген болатын. Сол кезде аталған кәсіпорын мен Oil Construction Company мұнай сервистік компаниясының басшысы біріне көмектесіп тұру туралы келісімге келген. Осының нәтижесінде «Технотрейдинг ЛТД» ЖШС-нің кәсіподақ басқармасының орынбасары К. Сапарбаев Н. Құшақбаевтың кабинетіне заңгерлік кеңес алу үшін бірнеше мәрте барғаны белгілі. Ал сот залында болса, Н. Құшақбаев К. Сапарбаевты танымайтын, онымен мүлдем қарым-қатынас жасап көрмеген адамның кейпіне енді. Айыпталуышының бұлай неліктен жасап отырғандығын аңғару қиын емес. Себебі, ол К. Сапарбаевты білетін болса, онда «Технотрейдинг ЛТД» ЖШС-де орын алған ереуіл туралы және оның заңды түрде тоқтатылуына шешім шыққаны туралы да білу керек емес пе? Олай болса, К. Сапарбаевқа берген заңгерлік кеңесі де осы тұрғыда Құшақбаевтың өзіне қарсы оқ болып қадалмай ма?
Құшақбаевтың адвокаттары оның кішкентай баласы барын және әкесінің мүгедек, ал анасының зейнеткер екендігін алға тарта отырып, бас бостандығынан айырмайтын жаза кесуді сұрады. Оған қоса, 3000 АЕК көлемінде айып төлеуді ұсынды.
Айыптаушы жақ болса, цехтегі жұмыстардың тоқтауынан қара шығынға батқандығын алға тартты. Сондықтан ереуілге шыққан жұмысшыларға заң тұрғысынан кеңес еткен еңбек инспекторы Н. Құшақбаевтың шығын орнын толтырғанын талап етуде.
Еңбек инспекторы бола тұра, заңды өрескіл бұзып отырғандығын білмеген Н. Құшақбаев ақтала ма, әлде сот залындағы процесс айыптаушы жақтың мүддесіне орай шешіле ме - барлығы алдағы күндерде белгілі болады.