10 мау, 2021 сағат 15:46

Құрылыс материалдарының негізсіз қымбаттауына жол бермеу керек – Мамин


ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин құрылыс материалдары бағасының негізсіз өсуін болдырмау бойынша шара қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрылыстың жоғары қарқыны – құрылыс материалдарына қажеттілікті арттырады, оларға жұмсалатын шығынның үлесі тұтас құрылыстағы шығынның шамамен 50 пайызын құрайды. Осыған орай бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және нарықта қатаң бақылауды қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдау өте маңызды. Сондықтан бүгін ұсынылған шараларды жалпы қолдай отырып, мына мәселелерге тоқталғым келеді», - деді А. Мамин бүгінгі Үкімет отырысында. 

Ең алдымен Премьер-Министр құрылыс компаниялары мен отандық құрылыс материалдарын өндірушілер тарапынан спекулятивтік әрекеттерге жол бермеу қажеттігін айтты. 

«Бәсекелестікті қорғау агенттігі Индустрия министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жосықсыз өндірушілер мен өнім берушілерге қатысты қатаң шаралар қабылдауы қажет. Екіншіден, офтейк-келісімшарттар да бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етудің тиімді құралы бола алады. 

Қазіргі уақытта Үкімет құрылыс салушылармен кейіннен тұрғын үйді белгіленген бағамен сатып алуға оффтейк-келісімшарттар тетігін енгізіп жатыр. Индустрия министрлігіне Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, құрылыс салушылар мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасында ұзақ мерзімді сатып алу келісімшарттарын жасауды пысықтауды тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен бірге, А. Мамин отандық құрылыс материалдарын одан әрі дамыту нарықты қолжетімді материалдармен толықтырудың маңызды аспектісі екенін еске салды.

«Жаңа өндірістер құру, ескілерін жаңғырту құрылыс шығындарын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Индустрия министрлігіне әкімдіктермен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, құрылыс саласында импорт алмастыру бойынша жоспарланған жобаларды уақытында іске қосуды тапсырамын. Роман Васильевич (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр – ред.) жалпы бақылау сізге жүктеледі», - деді Асқар Мамин.