28 мам, 2021 сағат 13:45

Құрылыс материалдарының қымбаттауы тұрғын үй нарығына әсер етуде – Серік Жұманғарин


Биыл қаңтардан сәуірге дейінгі сату-сатып алу операцияларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге өсті. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «ҚазАқпарат» ХАА алаңында өткізген бастапқы тұрғын үй нарығындағы бәсекелестік туралы Open Space-те айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұрғын үй бағасының жағдайы тұрақты емес және құбылмалы болуымен ерекшеленеді. 2021 жылдың қаңтар-сәуір айларында бастапқы тұрғын үй бағаларының өсуі 5,5% құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ол 1,5%-ды ғана құрады. Биылғы екінші деңгейлі тұрғын үйдің бағасы өсіп келеді, яғни 12,3% өсті, 2020 жылдың осы кезеңінде 2,2% болған», - дейді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин. 

Оның айтуынша, биыл қаңтардан сәуірге дейінгі сату-сатып алу операцияларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге өсіп, 175 040-қа жетті. 

«Мемлекет басшысы қабылдаған соңғы шаралар мен құрылыс материалдарының қымбаттауы тұрғын үй нарығына әсерін тигізуде», - дейді ол.