Бүгін астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесуде алғашқы минуттарда қытайлық хоккейшілер сәтті ойын өткізді. Нәтижесінде олардың қатарынан Алекс Рич 17, Жуди Ин 22, Михаэль Там 25-минуттарда мергендік танытты.
Одан кейінгі кезекте «Барыс» сапынан Егор Петухов 28, Роман Старченко 31, Линден Вей 33-минуттарда гол соғып, таразы басын теңестірді. Ал Якоб Лилья 38, 44-минуттарда екі голдың авторы атанып, елордалық клубты алға шығарды.
Бұдан кейін қытайлық командадан Итан Верен 48-минутта есеп айырмасын қысқартқан еді. «Барыс» хоккейшілері Коди куник 49, Мэтт Фрэттин 51-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Елордалық клуб қарсыласынан 7:4 есебімен басым түсті. Осылайша қатарынан төрт мәрте жеңіске жетті.
Қазір «Барыс» 37 ойыннан кейін 36 ұпаймен турнир кестесінде 18-орыннан 16-орынға көтерілді.
«Барыс» енді келесі ойынын 12 желтоқсанда елордада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізеді.