18 там, 2021 сағат 10:56

Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерді қолдау қалай жүріп жатыр?


Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев елдегі жем-шөп дайындау барысы жайында баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы климат жағдайы ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету белгілі бір қиындық туғызды. Жағдайды түзету үшін Үкімет нақты жедел шаралар қабылдап жатыр. Жем-шөп дайындау мәселелері бойынша жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккен өңірлерге қаржылай көмек көрсетіліп жатыр. Мәселен, құрғақшылықтан ең көп зардап шеккен Маңғыстау және Қызылорда облыстарына жем-шөп сатып алуға жұмсалған шығындарын өтеуге Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді», - деді Қарашөкеев. 

Оның айтуынша, Маңғыстау облысына мал азығын дайындау мақсатында қосымша 5,3 млрд теңге бөлу мәселесі шешімін тапты. 

«Сонымен қатар, жем-шөп дайындау проблемаларын шешуге жергілікті бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінді. Қосымша тағы 4,5 млрд теңге бөлу күтіліп отыр. Зардап шеккен өңірлдердің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелері бойынша қарыздарын ұзарту және қайта қарау туралы шешім жасалып, өтінімдерді қабылдау басталды. Облыстарда азық дайындау көлемін барынша арттыру бойынша шаралар кешені іске асырылып отыр. Өңірлерге мал азығын дайындау мақсатында қосымша 43,1 мың тонна арзандатылғандизель отыны бөлінді», - деді министрдің міндетін атқарушы.