26 қыр, 2024 сағат 22:35

Құндылықтарын көтерген ел – рухын да көтереді


Фото: Туризм және спорт министрлігі
Биылғы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеді. Бұған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бей-жай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді. 

Қазір Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Бұл іске 250 ғалым, оның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр. Аталған еңбектің дербес томы Жошы ұлысына арналады. 
Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарлама қолға алынды. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалады. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болады.

Ал былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланды. Президент жерасты мешіттерін және тылсым табиғатымен шетелдіктердің ерекше қызығушылықтарын туғызған Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның мұралар тізбесіне енгізу жөнінде тапсырма берді. 

Бұған қоса, Мемлекет басшысы Ешкіөлмес жотасындағы, Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларындағы дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі саналатын таңбалы тастарды (петроглифтерді) қорғауға алу үшін тиісті шаралар қабылдауды, сондай-ақ жалпы тарихи-мәдени мұрамызды сақтау үшін археологиялық қызметті жүйелеуді тапсырды.
Қазақстанның мәдениеті тарихи кезеңнің мәдени және рухани мұраларын тереңірек зерттеумен де ерекшеленеді. Осы мақсатта Алматыда «Алтын Орда және оның мұрагерлерінің араб жазулы эпиграфикасы» атты халықаралық семинар өтті. 

Қазақстанның аумағы Алтын Орданың және оның мұрагер мемлекеттерінің құрамына кіргендіктен, бұл жерлерде араб жазуы қолданылған эпиграфикалық ескерткіштер көптеп кездеседі. 

Алтын Орда кезеңіндегі араб жазулы эпиграфика тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы маңызды ақпаратты сақтайды. Жазба ескерткіштер арқылы Қазақстанның өткенін, сол кездегі саяси және мәдени өмірді зерттеуге болады. Бұл мемлекеттің және оның мұрагерлерінің билеушілері, олардың саяси істері, соғыстар мен бейбіт келісімдері туралы деректер береді.

Араб жазуы ислам мәдениетінің бір бөлігі ретінде кеңінен қолданылғандықтан, бұл эпиграфикалық ескерткіштер Қазақстан жерінде ислам дінінің таралуын және оның әсерін көрсетеді. Мұсылман дәстүрлерінің, діни мәтіндердің және Құран аяттарының жазылуы Қазақстандағы ислам мәдениетінің қалыптасу тарихын ашады.

Араб жазуының таралуы тек діни және саяси маңызы бар құбылыс қана емес, сонымен қатар жазу мәдениетінің дамуына әсер етті. Араб жазуы қазақ халқының жазба мәдениетінің алғашқы кезеңдерінде маңызды рөл атқарды. Бұл жазбалар қазақ тілінің қалыптасу тарихындағы және араб, түркі тілдерінің байланысын зерттеуде құнды дереккөз болып табылады.
Алтын Орда дәуірінде Қазақстан аумағы сауда, мәдени және дипломатиялық қатынастардың маңызды орталығына айналды. Эпиграфикалық ескерткіштер Орта Азия, Кавказ, Таяу Шығыс және Еуропа халықтарымен мәдени алмасудың дәлелі ретінде қызмет етеді. Бұл жазбалар арқылы Қазақстанның басқа өркениеттермен байланысы туралы мәліметтер алуға болады.

Эпиграфикалық мұралар Қазақстанның мәдени-тарихи туризмін дамыту үшін маңызды. Археологиялық қазбалардан табылған араб жазулы құлпытастар мен ғимараттар туристерді тартып, Қазақстанның бай тарихын халықаралық деңгейде таныстыруға ықпал етеді.

Қазақстанның тарихи мұрасын зерттеу оның ұлттық бірегейлігін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Араб жазуы бар ескерткіштер өткенді еске салып, қазақ халқының рухани және мәдени тарихына терең бойлауға мүмкіндік береді. Рухани жаңғыру бағдарламасының бір бөлігі ретінде мұндай тарихи жәдігерлерді зерттеу ұлттық құндылықтарды сақтауға ықпал етеді.

Сонымен қатар Қазақстанда қайырымдылық мәдениеті дамып келеді. Ел тұрғындарының 30 пайызға жуығы қайырымдылық акцияларына белсенді қатысады. 2023 жылдың өзінде қайырымдылық жасаушылар мен еріктілер 1 миллион азаматқа көмек берді. Еліміздеде қарапайым белсенді азаматтарды біріктірген еріктілер ұйымдары мен бастамалар санының өсуі байқалады. Қазақстанда 740 волонтерлік ұйым және 1800 бастамашыл топ жұмыс істейді.
«Бұл факторлар қайырымдылық саласында оң динамиканы қалыптастырып, тұрақты дамуына ықпал етеді. Әлеуметтік инвестициялардың маңыздылығын ұғынып, қоғам өмірін жақсартуға өз үлесін қосуға ұмтылатын қарапайым қазақстандықтар мен ұйымдар саны жыл санап артып келеді», - делінген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінде.