20 там, 2025 сағат 15:59

"Күн сайын 2000 адамға қоңырау шалған": Алматыда интернет-алаяқтық схемасына қатысы бар екі адам ұсталды

Фото: ашық дереккөз

Алматы қаласында интернет-алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Қалалық прокуратураның үйлестіруімен, «Қазақтелеком» АҚ-ның қолдауымен және ҰҚКД мен ПД-ның жедел сүйемелдеуі нәтижесінде 2025 жылдың 19 тамызында Қазақстанның екі азаматы ұсталды.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер шетелдік серіктестерімен бірлесіп, интернет-алаяқтық схемасын жүзеге асыруға заңгерлік көмек көрсеткен. Олар күн сайын азаматтарға 2000-ға дейін жалған қоңырау шалып, қаржыларын иемденуге әрекеттенген.

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, істің барлық мән-жайы анықталуда.

Алматы қаласының прокуратурасы тұрғындарды қырағы болуға шақырып, бейтаныс адамдардың қоңырауына сенбеуге және жеке деректер мен банк реквизиттерін бермеуге кеңес береді. Күдікті жағдай туындаса, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.