22 қар, 2018 сағат 00:56

Құмар Ақсақалов солтүстікке көшуге ниетті азаматтармен кездесті

Қадым замандардан Алаш жұрты Ұлы Дала жерінде көшіп-қонып, елдігін сақтады. Тәуелсіздіктің таңы атқалы жаһан қазақтары атажұртқа бет түзеді. ХХ ғасырдың аяғында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көшті солтүстікке бұрды. Шыны керек, сол кезде славян ұлттары басым солтүстік облыстарда геосаяси жағдай тұрақсыз болатын. Ақмола орталық ретінде таңдалып, көш жаңғыра түсті. Осылайша, ішкі миграцияның арқасында Астана қазақы қалыпқа енді. Алайда, солтүстік пен шығыстағы облыстарды игеру мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.

Қазір халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерде екі қолға бір күрек табу қиын. Есесіне солтүстік аймақтардың өндіріс орындары мен шаруа қожалықтарында жұмыс күші тапшы. Елдегі тепе-теңдікті реттеудің бірден-бір жолы – солтүстік облыстарға қоныс аудару. Бұл мәселеге Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында басымдық берді. Осыған байланысты Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары оңтүстік тұрғындарын «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жұмысқа шақырып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бастаған топ таяуда оңтүстікке келіп, солтүстікке көшуге ниетті азаматтармен кездесті. Үш өңір – Түркістан, Солтүстік Қазақстан облысы және Шымкент қаласы бірлесіп өткізген келелі кездесуге басқарма басшылары мен облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері қатысты. Басқосу барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өзі басшылық етіп отырған өңірдің артықшылықтарын айта келе, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқысы келетін азаматтарға жер, техника берілетінін айтты. Жеңілдіктер де жасалмақ.

– Солтүстік Қазақстан облысының жері кең әрі құнарлы. Еліміздегі май дақылдарының басым бөлігі бізде өсіріледі. Жылына 5 миллион гектарға егін егеміз. Оның ішінде бір миллионнан астамы май дақылдары. Әр гектардан орта есеппен 18 центнерден өнім аламыз. Одан бөлек, бізде 700 мың гектар орман бар. Яғни орман шаруашылығы бойынша да жұмысты өркендетуге болады. Тек тұрғындар саны айтарлықтай аз болғандықтан жұмыс күші жетіспейді. Сол себепті Елбасымыз Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» бағдарламасында айтылғандай, кең-байтақ жерімізді игеру үшін халқы тығыз орналасқан өңірлерден ішкі миграция арқылы теңестіруіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның қай түкпірі болсын біздің Отанымыз. Оның гүлденуіне, өркендеуіне бәріміз бірдей атсалысайық. Жер игергісі, мал шаруашылығын қолға алғысы немесе кәсіпкерлікті дамытқысы келетін азаматтар болса, біз қолдаймыз, – деді Құмар Іргебайұлы.

Иә, айтса айтқандай, еліміздің солтүстік қақпасы саналатын облыста сауда-саттық саласын қыздыруға да мүмкіндік мол. Облыс аумағы Қазақстанның Қостанай, Ақмола облыстарымен және Ресей Федерациясының Қорған, Түмен, Омбы облыстарымен шекараласады. Екі арасы бірер сағаттық жол болғандықтан көрші елдің кәсіпкерлерімен әріптестік орнату да аса қиынға соқпайды. Міне, осыны білген азаматтар әлден-ақ өз бизнестерінің іргесін қалап, шаруасын дөңгелетіп жүрген жайы бар. Ұсыныс айтыла бастаған 2016 жылдан бергі екі жылда еліміздің әр өңірінен Солтүстік Қазақстан облысына 2700 адам қоныс аударған болса, оның басым бөлігі оңтүстік облыстардан екен. Әртүрлі себептермен кері қайтқан бірен-сараны болмаса, басым бөлігі әуел бастағы жоспарларын жүзеге асырып, өз шаруаларын жолға қойып алған.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы – Петропавл қаласының іргесі 1752 жылы қаланған. Облыста 13 әкімшілік аудан бар: 5 қала – Петропавл, Булаев, Мамлют, Тайынша, Сергеев; 4 қала типтес кент – Смирново, Талшық, Еңбек, Кішкенекөл. Жалпы, жер көлемі республика аумағының 3, 6%-ын құрайды.

Әрине, екі қолға бір жұмыс таппай жүргендер үшін бұл зор мүмкіндік. Бірақ, қазірше халықтың әрекеті тым баяу сияқты. Бәлкім, үгіт-насихат жағын жандандыру керек шығар.

Осы орайда, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев ақылға қонар ұсыныс айтты. «Бағдарлама қолға алынғалы бері біздің өңірге Солтүстік Қазақстан облысынан 8 топ 151 мүшесімен үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін келді. Нәтижесінде биылдың өзінде 270 адам қоныс аударды. Ел ішінде осы мәселеге байланысты білгісі келетіндер, барып көруге ниеттілер көп. Екі облыс арасындағы барыс-келісті күшейту үшін арнайы автобус қатынатсақ, талай түйінді тарқатар едік».

Ұтымды ұсыныстар халық қалаулылары тарапынан да айтылды. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков көшіп барғандарға жеңілдетілген несие беруді жолға қоюды сұраса, Дулат Әбіш көшіп барушылардың арасынан қабілеті жететіндерін басшы етіп тағайындау арқылы да біраз адамның бетін солтүстікке бұруға болатынын жеткізді. Өз кезегінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов депутаттардың ұсынысын қолдайтынын, бүгіннің өзінде Мағжан Жұмабаев ауданын оңтүстіктен барған азамат басқаратынын айтты. Сондай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысуға мүдделі жандарға жеңілдетілген несие берілетінін де тілге тиек етті. Ал, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып, жұмыс істеп, отау құратын жастарға, тіпті, пәтер берілетінін жеткізді.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ