13 нау, 2019 сағат 18:12

Күләш Шәмшидинова: Елімізде жаңадан 190 мектеп салынады

Елімізде алдағы үш жылда жаңадан 190 мектеп салынады. ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова БҚО тұрғындарымен кездесу кезінде осылай деді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, республикалық бюджеттің үш жылға қаралып, бекітілетіні белгілі.

Осы кезеңде іске қосылатын ғимараттар ең алдымен апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуді көздейді. Екіншіден, үш ауысымда оқытатын мектептер. Үшіншіден, оқушы орыны жетіспейтін білім ошақтарының жағдайын жақсартады. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында үш мектеп салынып жатса, соның екеуі апатты жағдайдағы ғимаратты ауыстыруға арналған. Біреуі үш ауысымда оқытатын мектептерге түсетін жүкті жеңілдетеді.

«Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда 1672 мектеп салынған екен. Қазіргі кезде 2 млн астам оқушы болса, соның 668 мың орыны осы жылдары іске қосылған мектептер үлесінде. Алдағы уақытта да осылай үш жыл сайын мектептер құрылысы қарастырылып отырылады», - деді министр.

Күләш Ноғатайқызының сөзіне қарағанда, білім сапасы, әрине, мұғалімдердің кәсіби шеберлігіне байланысты. Жаңартылған білім мазмұнына орай 2017 жылдан бері 144 мың мұғалім біліктілік курстарынан өткен. Енді 85 мың сынып жетекшісі мен психологтар оқытылатын болады.

«Халықты жиі толғандырып жүрген мәселенің бірі үштілділік екені белгілі. Жоғары сыныптарда химия, биология, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуды кезең-кезеңмен, мектеп пен мұғалімдер дайын болған кезде енгізетін боламыз. Әр мектеп ата-аналармен ақылдаса отырып шешеді. Қазіргі кезде республика бойынша үш тілде оқытуды бастаған 150-ден астам мектеп бар. Біз ол мектептерде жағдай қалай, қандай мәселе туындап жатыр, бәрін зерделеп қарап отырмыз. Алдымен педагогикалық ЖОО-ларда ағылшын тілінде дәріс беретін мұғалімдерді даярлауға күш салынатын болады. Ең бастысы, білім сапасы жоғары болуы қажет. Балаларымыз қазіргі заман талаптарына сәйкес алған білімдерін өз өмірінде пайдалана білуі тиіс», - деді министр.