Мамандар құлаған «Союз» зымыранының баспалдақтарын тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгін күндіз Жезқазған қаласында орналасқан №1 Ресей базасының және құралдарының күшімен ғарыш кемесінің баспалдақтары табылды», - делінген хабарламада.
ТЖК мәліметіне сәйкес, бірінші, екінші, үшінші баспалдақ, сонымен қатар апаттық құтқару жүйесінің қозғалтқыш құрылғысы Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Талап ауылынан 40 шақырым жерден табылған.
«Зымыран-тасығыштың фрагменттерінің құлаған аумағында дала немесе орман өрттері, зардап шеккендер жоқ», - делінген Комитеттің хабарламасында.
Айта кетейік, кеше 14 сағат 40 минут 15 секундта Байқоңыр ғарыш айлағының Гагарин старт алаңынан орбитаға басқарылатын көліктік «Союз МС-10» кемесін алып шығуы тиіс «Союз ФГ» зымыран тасығышы ұшырылды. Бірақ старт берілген соң бірнеше минуттан кейін Роскосмос сайтындағы тікелей көрсетілім үзіліп, диктор «зымыран тасығыштың апатқа ұшырағанын» хабарлаған еді.
Сол күні түс ауа ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер ғарышкерлердің дін-аман табылғанын, екінші сатысы Жезқазғаннан 30-35 шақырым жерге құлауы мүмкін екенін айтқан еді.
Сонымен қатар ол Ғарыш кемесі апатын Қазақстан мен Ресейдің үкіметаралық комиссиясы тексеретіндігін атап өтті.